Елордалық жас теннисшілер «Таза Қазақстан» акциясына қолдау білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — «Дәулет» теннис орталығының жас теннисшілері «Таза Қазақстан» акциясы аясында елордада өтіп жатқан жалпықалалық сенбілікке белсенді қатысты.

Орталық басшысы Дина Темірғалиеваның атап өтуінше, мұндай іс-шара тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады.

— Өздеріңіз де көріп тұрғандай, теннис орталығының іші де, сырты да мұнтаздай таза. Өйткені, бізге тек спортшылар ғана емес, сонымен бірге қаланың тұрғындары да үнемі келіп тұрады. Сондықтан тазалық пен тәртіпті жіті қадағалаймыз, — деді Дина Батырғалиқызы.
Жас спортшылар жаттықтырушылармен және орталық қызметкерлерімен бірге мекеменің төңірегін қоқыстан тазартып, 15 топ шырша отырғызды. Сонымен қатар теннис корттарын жуу жұмыстарына да белсене араласты.

— «Таза Қазақстан» акциясына қолдау білдіріп жатырмыз. Мекеме қызметкерлері, спортшылар осы іс-шараға бір кісідей атсалысып жатыр. Жалпы, мұндай тазалық акциясы қарапайым дүние болып көрінгенімен мән-маңызы зор. Сенбілік адамзат баласын табиғатты аялауға, оған қамқорлық танытуға, экологиялық мәдениетін арттыруға, туған жерге деген жанашырлық сезімінің оянуына үлкен септігін тигізеді, — деді «Дәулет» теннис орталығы спорт бөлімінің әдіскері Гүлназ Жұмабекова.
Сенбілік ұйымдастырушылары аниматорларды да шақырып, сенбілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, бүгін елордада «Таза Қазақстан. Астана — тазалық пен тәртіптің үлгісі» акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтіп жатыр. Экологиялық акция барысында алты ауданда 6 мыңнан астам жасыл желек отырғызылады. Экожоба аясында арнайы тақырыптағы сенбіліктер, экологиялық сабақтар, флешмобтар, ақпараттық науқандар және абаттандыру конкурстары ұйымдастырылады.
Бұған дейін Астанада ауқымды жалпықалалық сенбілік басталғанын жазғанбыз.