Елордалық әуежайда ұшу жиілігі көбейді

«Астана» халықаралық әуежайы ресми сайтының хабарлауынша, 2015 жылғы 25 мамырдан бастап «Скат» авиакомпаниясы Атырау қаласы бағыты бойынша ұшу жиілігін аптасына 5-тен 7-ге дейін ұлғайтады. Енді Атырауға сейсенбі және сенбі күндері қосымша ұшуға болады. Бұдан басқа, Ақтөбеге аптасына 4-тен 7-ге дейін (дүйсенбі, сәрсенбі және бейсенбі қосылды), Таразға аптасына 6-дан 7-ге дейін (сейсенбі қосылды) ұшу жиілігі өсті.
Ұлттық тасымалдаушы «Эйр Астана» да ұшу жиілігін ұлғайтты. 2 маусымнан бастап Алматыға ұшу жиілігі аптасына 68-ден 69-ға дейін өсті. Халықаралық бағыттар бойынша: 24 мамырдан бастап аптасына 3 рет сәрсенбі, сенбі және жексенбі сайын Анталияға ұшулар қайтадан басталды, 1 маусымнан бастап Бейжінге ұшу жиілігі аптасына 2-ден 3-ке дейін ұлғайды (енді Бейжінге дүйсенбі күні де ұшуға мүмкіндік бар), 7 маусымнан бастап Бішкекке ұшу жиілігі аптасына 3-тен 4-ке дейін ұлғайды (енді Бішкекке дүйсенбі күні де рейстер болады).
1 маусымнан бастап «Бек Эйр» авиакомпаниясының рейстері Қарағандыға аптасына 2 реттік жиілігімен дүйсенбі және жұма күндері қайта басталады.
2 маусымнан бастап «Россия» авиакомпаниясы Санкт-Петербургке ұшуларды аптасына 5-тен 7-ге дейін ұлғайтады.
Ұшу жиілігінің көбеюі трансферттік ұшулардағы ең пайдалы түйісулерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта елордалық әуежайдан 16 ішкі және 23 халықаралық бағыттар бойынша республикамыздың барлық облыс орталықтарына, ТМД, Еуропа және Азия елдеріне рейстер жүзеге асырылады. Тұрақты рейстерді 4 отандық және 12 шетелдік авиакомпания жүзеге асырады.