Елордалық ІІД көңіл-көтеру мекемелерінде тиісті емес уақытта болғаны үшін 17 жасөспірімді жауапкершілікке тартты

АСТАНА. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ -  Астана қалалық Ішкі істер департаменті төрт күн ішінде қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішкен 52 жасөспірімді анықтап, көңіл-көтеру мекемелерінде үлкендердің бақылауынсыз жүрген 17 жеткіншекті әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Елордалық ІІД көңіл-көтеру мекемелерінде тиісті емес уақытта болғаны үшін 17 жасөспірімді жауапкершілікке тартты

Бұл туралы бүгін департаменттің Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділда Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кәмелетке толмаған жастар қазанның 12-16-сы күндері аралығында Астанада өткізілген «Сабақ» жедел алдын алу іс-шарасы барысында анықталды. «Операция барысында негізгі назар алкогольді ішімдікке немесе нашақорлыққа бейім жастарды анықтауға аударылды. Сонымен қатар, балаларды құқық бұзуға итермелейтін ересектерді жауапкершілікке тарту жүзеге асырылды»,  дейді ол.

Операция қорытындысында Кәмелетке толмағандар ісімен айналысатын бөлім қызметкерлері Ішкі істер органдарына кәмелетке толмаған 257 баланы жеткізді. Оның 136-сы - әкімшілік құқық бұзушылар. Сондай-ақ осы күндері сабаққа себепсіз қатыспайтын - 22, қоғамдық орындарда ішімдік ішкен 52 жасөспірім анықталса, көңіл-көтеру мекемелерінде үлкендердің бақылауынсыз жүрген 17 жасөспірім әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осындай жауапкершілікке балаларды түнгі уақытта кіргізгені үшін 11 компьютерлік клубтың  иелері де тартылды.