Елордалық Кеден департаментінде мемлекеттік тілді дамытуға арналған семинар өтті
АСТАНА. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астана қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінде Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орай «Тілге құрмет - елге құрмет!» тақырыбында семинар өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш департаменттің Ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің бастығы Марат Рахметалидің айтуынша, осында өткен жылы жабдықталған лингофондық кабинетте аптасына үш рет қазақ тілін үйрету сабақтары өткізіледі. Департамент мамандарының жасап шығарған «Кеден органында қолданылатын құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізу әдістемесі» атты сөздігінің көмегімен осы уақытқа дейін 30-дан астам қызметкер мемлекеттік тілді жетік меңгеріп шыққан.
Бүгінде елордалық Кеден департаменті құжат айналымы жұмыстарын толығымен қазақ тіліне көшірді. Мемлекеттік тілді дамыту, оның қолданылу аясын кеңейтуге үстіміздегі жылы бөлінген 700 мың теңгеге лингофондық кабинетті қосымша электронды оқыту бағдарламалармен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
«Айта кетерлігі, ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің облыстар бойынша департаменттерінде қазақ тілін үйрету кабинеттері тек Орал және Астана қалаларында ғана бар», деп атап өтті ол.