Елордалық клиникалар медициналық туризмді дамытады

АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы елордалық «Astana Medical Park» клиникасы базасында медициналық туризмді дамыту жобасын әзірледі.

Елордалық клиникалар медициналық туризмді дамытады

«Жобаның мақсаты - қазақстандықтармен қатар шетелдік азаматтарға да жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету үшін жайлы жағдайлар туғызу», - деп хабарлайды Астана қаласының ресми сайты басқармаға сілтеме жасап.

«Бүгінгі күні Астананың медициналық мекемелері интервенциялық кардиология, аритмология және кардиохирургия, шағын инвазивтік эндобейнехирургия, check-up бағдарламасы, қауіпсіз босану, неонаталдық технология, тағы басқа да басым салаларда жоғары технологиялық қызмет циклін толық көрсету мүмкіндігіне қол жеткізді. Қазір қала мамандары кардиохирургия саласында тәп-тәуір әлеуетті тәжірибе жинап қалды», - делінген хабарламада.

Бұл жобаға Астана қаласының «№1 қалалық ауруханасы» МКК, «№2 қалалық ауруханасы» МКК медициналық ұйымдары, «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ, «Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты» РМК және «Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы» АҚ қатысады.

Бәскелестікке келер болсақ, Астананың басты артықшылығы, мұнда көрсетілетін медициналық қызметтердің бағасы салыстырмалы түрде арзан, ал технологиялық жабдықталуы мен дәрігерлердің біліктілігі тұрғысынан көш ілгері.

Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда әлем бойынша медициналық қызметтерге жүгінетіндер саны 3 миллионнан асып жығылады. Индустрия жыл сайын 20-30%-ға ұлғайып отыр және сарапшылардың сараптамаларына жүгінсек, таяу жылдары бұл үрдіс одан әрі жалғасады.