Елордалық прокуратура бірінші жартыжылдықтың қорытындысын шығарды
АСТАНА. Шілденің 26-сы. ҚазАқпарат - Елордалық прокуратурада қала прокуроры Жөргенбаев Мұхтардың төрағалығымен алқа отырысы өтіп, онда қаладағы заңдылықты қамтамасыз ету мен құқықтық тәртіпті нығайту жөніндегі елордалық прокуратураның қызметі қорытындыланды.
Астана прокуратура органдарының негізгі қызметі мемлекеттік органдар қызметтерінің барлық салаларындағы заңдылықты қамтамасыз етуге, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлықпен және қылмыспен күресуді нығайтуға бағытталды.
Қала бойынша жүргізілген тексерістер нәтижесінде 8 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды. Прокурорлық қадағалау актілерін қарау қорытындылары бойынша 211 тұлға - тәртіптік (оның ішінде сыбайлас жемқорлық бойынша -20), 162 тұлға - әкімшілік жауапкершілікке тартылды, қазынаға қайтарылған сома 780 миллион теңгеден астамды құрады.
Келтірілген статистикаға сүйенсек, өткен 6 айдың ішінде елордада қылмыс саны 21,3 пайызға өскен (2104-тен 2494 дейін). Бұл статистика негізінен қарақшылық, өзгенің меншігін ұрлау, тонау, автокөлікті ұрлап әкету фактілерін қамтып отыр.
Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың саны 40 пайызға артқан. Өткен 6 айдың ішінде ювенальды сот 53 кәмелетке толмаған жасты соттаған, олар негізінен күш қолданып немесе күш қолданамын деп қорқытып ұялы телефондарды ашық түрде ұрлағандар.
Прокурор Мұхтар Жөргенбаев алқа жұмысының қорытындысы бойынша сондай-ақ, алдағы кезеңдегі негізгі міндеттерді нақтылады.