Елордалықтар ұлы Абайға арналған жаңа челлендж бастады
Абай әнін бірінші болып түрлі салада қызмет ететін мамандар орындады, олар - дәрігерлер, автобус жүргізушілері, полицейлер, құтқарушылар, мұғалімдер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ волонтерлер.
Оларға қазақстандық эстрада жұлдыздары Майра Ілиясова, Қыдырәлі Болманов, Айгүл Иманбаева, Қайрат Баекенов қолдау білдірді. Барлығы сүйіп тыңдайтын, халықтың құлағында жатталып қалған «Көзімнің қарасы» әні жаңаша шырқалды. Тұрғындар композицияны шырқап қана қоймай, оны түрлі аспаптарда да орындады.
Музыкалық челленджге қатысушылар қазақ даласының ұлы есімдерін бірге қолдауға және бастамаға қатысуға шақырды.
«Абайдың 175 жылдығына арналған челленджді барша қазақстандықтарға жолдаймыз. Біз біргеміз», – дейді еріктілер.
Еске сала кетейік, 30 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың туғанына 175 жыл толуын атап өту туралы Жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ Қазақстанда 10 тамыз – Абай күні мерекесі болып бекітілді.