Елордамыздың көркеюіне біздің де қосқан үлесіміз бар – құрылысшы

АСТАНА. KAZINFORM – 10 тамыз – елімізде Құрылысшылар күні. Осы мерекеде ел игілігі үшін тер төгіп жүрген сала мамандарының еңбегі ерекше атап өтіледі. Солардың бірі техникалық қадағалау сарапшысы – Серікбай Әміржанов. 

Елордамыздың көркеюіне біздің де қосқан үлесіміз бар – құрылысшы
Фото: ПІБ

Серікбай Әміржанов «Қазқұрылысжүйесі» ЖШС-іне 2008 жылы электрик ретінде келген. Осы уақыт ішінде ол құрылыс саласының барлық қыр-сырын меңгерген білікті маманға айналды.

– «Қазқұрылысжүйесіне» келгенде 39 жаста едім, сол кезде компаниядағы ең жас қызметкердің бірі болдым. Құрылыс саласында 40-50 жыл еңбек өтілі бар, тіс қаққан ағалар мені өз қамқорлығына алды. Тәжірибесін бөлісті, бағыт-бағдар берді. Ал мен өз кезегімде оларға жаңа технологияларды компьютер мен электрондық поштаны пайдалануды үйреттім, - деп еске алады Серікбай Мұқұмұлы өзінің техникалық қадағалау саласындағы алғашқы жылдарын. 

Бүгінде ол өзі де жастарға тәлімгер. Жаңа келген қызметкерлерді кәсіби бағытқа бейімдейді, мамандықтың қыр-сырын үйретеді. Техникалық қадағалау сарапшысына күрделі міндет жүктеледі: құрылыс сапасын, қолданылған материалдар мен технологиялардың жобалық құжаттама мен құрылыс нормаларына сәйкестігін бақылау керек. Бұл маман құрылыс процесінің барлық кезеңіне қатысады – жобалау алдындағы дайындықтан бастап, нысанды пайдалануға беруге дейін құрылыс ортасында жүреді. Нысанның уақытылы аяқталуы, ақаулардың анықтап, оны жою да сарапшының бақылауында.

– Жұмыстың бағыты техникалық болғанымен, өте қызық әрі шығармашылыққа толы. Ең бастысы, халық игілігі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұл сала маған ұнайды. Астананың құрылысына біздің де қосқан үлесіміз бар екенін мақтанышпен айтамын. Ұжымымыз да кәсіби әрі ұйымшыл, - дейді Серікбай Әміржанов. 

Сүйікті ісін жан тәнімен атқаратын маман бос уақытын отбасына және туыстарына арнайды екен. Серікбайдың отбасы – үлкен, өзі де, жары да көпбалалы отбасында тәрбиленген. Серікбайдың ата-анасы он баланы өсіріп жеткізсе, жары тоғыз ағайынды. 

– Өте аралас-құралас отбасымыз. Бір сәт те бос уақытымыз болмайды. Жыл бойғы күнтізбе – туған күн, той, құдалық, көмектесу керек болатын шаруалармен толып тұрады. Бірде бізді қонаққа шақырады, бірде біз шақырамыз. Қызымыз да сондай қамқор болып өсті, - дейді Серікбай Мұқұмұлы. 

Кейіпкеріміздің хоббиі – саяхаттау. Оның арманы – жер шарын айналып шығу. 

– Шетелге іссапармен немесе демалысқа шыққанда, елге оралған сайын Қазақстанға деген махаббатым арта түседі. Халқымыздың, дәстүріміздің өзі – үлкен байлық. Құрылысшылар күні қарсаңында әріптестеріме және отандастарыма зор денсаулық, рухани жылулық, бейбіт аспан мен өркендеу тілеймін. Әрдайым дәстүрімізді дәріптеп, қонақжайлығымызды жоғалтпай, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, ата-баба өсиетін ұмытпайық. Елді бірге көркейтіп, бақытты болашақ құрайық, - деп жүрекжарды тілегін білдірді Серікбай Әміржанов.

Бұған дейін, Қазақстанда кәсіби мерекелер тізбесі жаңартылғанын жазғанбыз.  

Сонымен қатар өнеркәсіп пен құрылыс саласында қандай жаңа мамандықтар пайда болғанын хабарлағанбыз. 

Соңғы жаңалықтар