Елорданың тұрғын алаптарында жүзеге асырылып жатқан жобалар құны өзгереді

АСТАНА. KAZINFORM — Елорданың тұрғын үй алаптарындағы инженерлік желілер мен көлік инфрақұрылымын салуға қатысты бірқатар жобаға қосымша қаражат қажет. Бұл туралы «Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» ММ басшысы Асхат Қарағойшин айтты.

Елорданың тұрғын алаптарында жүзеге асырылып жатқан жобалар құны өзгереді
Фото: Kazinform

— 2025 жылы тұрғын алаптарында 8 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қажетті қаржы көлемі — 12,5 млрд теңге. Бүгінде 8,5 млрд теңге, оның ішінде жергілікті бюджеттен 5,2 млрд, республикалық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлінді, — деді ол қалалық мәслихаттың құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында.

Оның айтуынша, биыл Оңтүстік-Шығыс, Көктал-1 тұрғын алаптарында жобаларды жүзеге асыру аяқталады. Интернациональный, Мичурино, Күйгенжар тұрғын алаптарында электрмен жабдықтауға арналған сыртқы желіні 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Железнодорожный тұрын алабына қатысты жоба өткен жылы мемлекеттік сараптама енгізілген. Алайда, 2025 жылдан бастап ереже өзгеріп кетті. Сондықтан жоба жаңа бағалаумен қайтадан сараптамадан өткізіледі. Жоба 3-4 жылдың ішінде аяқталмақ. Комсомольский тұрғын алабы бойынша мердігермен келісімшарт бұзылды. Осы жылыдың шілдесінде жобалық-сметалық құжаттама түзетілген соң жобаны жүзеге асыруды жалғастыру үшін байқау жарияланады. Үркер тұрғын алабында тұрғындардың талабымен 16 көшеге тротуар төселіп, 5 бағдаршам орнатылады. Бұл ретте жоба құны қайта қаралып, түзетіледі. Жоба биыл аяқталады. 

Бұған дейін елорданың тұрғын алаптарында инженерлік желілер қалай салынып жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар