Елорданың бірқатар медицина қызметкері қала әкімінің қолынан пәтер кілтін алды

Осы шара барысында сөз алған қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов елордалық медицина қызметкерлерін алдағы мерекелерімен құттықтай келіп, «Астана күні қарсаңындағы бұл мейрам тек дәрігерлердің мерекесі емес. Бұл барша астаналықтар үшін абыройлы күн. Өйткені ақ желеңді абзал жандардың әр күнгі еңбегі адам өмірінің Алладан кейінгі арашашысы. Кім үшін де денсаулық қашанда күнделікті тіршіліктің тірегі, көңілдің көрмесі, өмірдің өзегі саналады. Одан асқан құндылық жоқ, болған емес те. Ендеше оны байыптайтын да, сақтайтын да сіздерсіздер. Осы күні 8 мыңнан астам дәрігерлер, медицина қызметкерлері тұғырлы қаламыздың тұрғындарының денсаулығын қадағалап, қалтқысыз еңбек етуде. Елорданың жыл санап емес, күн санап өсіп-өркендеуі медицина мекемелерінің алдында сындарлы міндет, салмақты жауапкершілік жүктейді. Сіздердің осынау үлкен талаптың үдесінен шығып жүргендеріңізге күмән жоқ. Денсаулық - өзегі, өлшемі жоқ өзгеше дүние. Оның сапасын саралап, күтімін көтеру тынымсыз ізденісті, тиянақты еңбекті қажет етеді», деді.
Конгресс-Холл сарайына жиналған медицина қызметкерлерін шын көңілімен құттықтаған И.Тасмағамбетов осыдан кейін Астана қаласының бірқатар қызметкерін елорда әкімінің құрмет грамотасымен марапаттап, қалалық № 2 аурухананың бөлім меңгерішісі Мақсат Жантұрғановқа, Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Лаура Ахметниязоваға, №3 перзентхананың дәрігері Айгүл Алжасароваға, жедел жәрдем стансысының дәрігері Әтіркүл Жәкішеваға, Жайнагүл Жұмаеваға пәтер кілтін табыс етті.