Елорданың экологиясын жақсарту үшін қандай шаралар атқарылды - сұхбат

Осыған орай, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұһар Жолдасов Нұр-Сұлтандағы ауаның ластану себептері мен экологиялық ахуалды жақсарту үшін қандай шаралар атқарылғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
– Зұлфұһар Сансызбайұлы, республика бойынша елорда атмосфералық ауаның ластануы бойынша Теміртаудан кейін екінші орында тұр. Мұның себебі неде, қандай факторлар ықпал етіп отыр ?
– Бұл ластануға автономды қазандықтар айтарлықтай «үлес қосуда». Оған қоса, автокөліктер де – қоршаған ортаны ластаудың және шу мен дірілдің негізгі көзі болып отыр. Қазіргі уақытта зиянды шығарындыларға әсер ететін автомотор отыны сапасына мемлекеттік бақылаудың жоқтығын ескерсек, автокөліктер ластанудың жылжымалы көздері, яғни ауаның негізгі ластаушылары болып саналады.
– Коронавирус пандемиясына байланысты шектеулер кезінде елордадағы ауаның ластану деңгейі азайды ма ?
– Иә, COVID-19 короновирус инфекциясының таралуына қарсы шектеулерге байланысты, 2020 жылғы карантинде көлік ағыны азайып, ластаушы заттар конценнтрациясы 40,7%-ға немесе 1,7 есеге азайды. 2020 жылы Нұр-Сұлтанның бір тұрғынына есептегенде жасыл желек алаңдары 2019 жылмен салыстырғанда 5,4%-ға өсті, бұл елордада жыл сайын отырғызылатын ағаштар мен бұталар санының тұрақты өсуіне және жаңа саябақтар мен скверлер салуға тікелей байланысты.
– Қаладағы Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендері мен Кіші Талдыкөлдің жай-күйі қалай ?
– Нұр-Сұлтан қаласы құрғақ аймақта орналасқан және онда су ресурстары шектеулі. Елорданың негізгі және жалғыз су тамыры Есіл өзені болып саналады, Сарыбұлақ пен Ақбұлақ – Есілге құйылатын шағын салалар. Ал Кіші Талдыкөл – Есілдің сол жағалауында орналасқан табиғи көл. Нұр-Сұлтанның барлық су нысандары қалалық экология департаментінің ерекше бақылауында және зертханалық-талдамалық бақылау бөлімі тұрақты түрде осы су айдынына мониторинг жүргізеді, химиялық талдауға су сынамасы алынады.
Химиялық талдау нәтижесінде «сульфаттар», «жалпы темір», «мыс», «марганец», «фторид» және «құрғақ қалдықтар» бойынша шекті концентрациялардың асып кеткені анықталды. Мониторингте анықталған барлық экологиялық бұзушылық фактілері тіркеледі, шара қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға, құқық қорғау органдарына және басқаларға хат жолданады. Бұл ластану сипаты жоғары ластанудың негізгі себептері – жеке тұрғын үй аумағынан сарқынды суларды ағызу, ластанған аумақтардан келетін су ағыны және табиғи климаттық жағдайлар болатынын көрсетті. Елорда аумағындағы су айдындарының санитарлық жай-күйін бақылауды қалалық және аудандық әкімдіктер жүзеге асырады.
Есіл бассейніндегі өзендердің ерекшелігі – жыл маусымдарында ғана емес, бірнеше жыл бойынша да су ағыны біркелкі болмайды. Әр жылдары су шығыны жүздеген есе өзгеруі мүмкін, бұл да осы өзендердің ресурстарын шаруашылыққа пайдалануды қиындатады. Салдарынан бұл судағы ластаушы заттар күрт көбейіп, көк-жасыл балдырлар пайда болады, су сапасы төмендейді.
– Енді Нұр-Сұлтандағы экологиялық ахуалды жақсарту үшін қандай шаралар жасалады ?
– 2020-2021 жылдары біздің министрлік жұртшылықпен бірнеше кездесу өткізді, онда негізгі экологиялық проблемалар талқыланды. Талқылау қорытындысы бойынша 5 блок пен 22 шарадан тұратын экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі жол картасы әзірленіп, үкіметтік деңгейде бекітілді. Олар: атмосфералық ауаның сапасын арттыру, ауа айналымын жақсарту, газдандыру, қалдықтарды басқару және көгалдандыруды одан әрі ұлғайту.
Ауа сапасын жақсарту бойынша Нұр-Сұлтанда ЖЭО-1 және ЖЭО-2-де 4 қазандық табиғи газға ауыстырылып, іске қосылды. 2021 жылы қалған 12 қазандық газға ауыстырылады. Қазіргі уақытта ЖЭО-1, ЖЭО-2, Көктал, Көктал-2, Агроқалашық, «Железнодорожный» тұрғын алаптарында табиғи газ іске қосылды, желілер сенімгерлік басқару шарты бойынша «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға берілді.
Техникалық қызмет көрсету станцияларының автокөлікті техникалық тексергені үшін жауапкершілігін күшейту мақсатында тиісті заңнамалық актілерге: ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне, «Жол қозғалысы туралы», «Автомобиль көлігі туралы» және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңдарға түзетулер әзірленді.
Ал көгалдандыруға келсек, әкімдіктер жасыл желектерге толық аудит жүргізеді. Жүргізілген түгендеу аясында қаланың жасыл көшеттерінің тізілімі енгізілетін болады, онда жасыл көшет типтері, түрлік құрамы, алаңы, жай-күйі және орналасуы туралы деректер тұрақты негізде жаңартылып отырады.
– Мәліметтеріңіз үшін көп рахмет!