Елорданың жаңа жұмыс кестесінің нәтижесі таяу күндері жарияланады

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Астана қалалық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Софья Қылышбекова хабарлады.
«Бүгін бірінші күн болғандықтан, барлық деректерді зерделеп жатырмыз. Осы орайда қай көшелерде көлік ағыны қандай көлемде болғанына мониторинг жүргізілуде. Атап айтқанда, бүгінде елордадағы бірқатар көшелерде жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқандығын ескереп отырып, кейбір жерлерде кептеліс болды. Өздеріңіз білесіздер, 1 маусым халықаралық балаларды қорғау күніне орай түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Кейбір алаңдар мен көшелерде жартылай шектеулер қойылған. Әрине, осындай жерлерде көлік қозғалысы біршама қиындайды. Сонымен қатар ата-аналардың көбісі жұмыстарынан сұранып, балаларымен бірге серуенге шығуда, саябақтарға қарай баруда. Сондықтан қала көшесінде көлік көп болатыны анық. Бұл ретте екі-үш күн мониторинг жасап қарағаннан кейін, нақты ақпаратты хабарлаймыз»,-деп атап өтті Софья Қылышбекова.
Бұдан бұрын хабарланғандай , елорда 1 маусымнан бастап жаңа жұмыс уақыты кестесіне көшті. Осыған орай жұмыс уақытын саралау тиісті экономикалық санаттарға қарай бөлінді. Шара ЭКСПО қарсаңында елорда жолдарының жүктемесін азайту үшін енгізіледі.
Бұл тұрғыда мамыр айының басында Астана қалалық жолаушылар көлігі басқармасының бастығы Бекмырза Игенбердинов құқық қорғау органдарының, медицина, білім беру ұйымдарының, балабақша, мектептердің жұмыс уақыты бұрынғыша қалдырылатынын айтқан еді.
«Құрылыс ұйымдарының жұмыс уақытын сағат 9-дан 7-ге, қаланың коммуналдық қызметтері мен өнеркәсіптік және өндірістік секторларын 9-дан 7-30-ға, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен қаржы институттарын 9-дан 10-ға, сауда, ойын-сауық ұйымдарын 10-нан 10-30-ға, ұлттық компанияларды 9-дан 9-30-ға ауыстыру ұсынылады», - деді Игенбердинов.
Сонымен қатар ол республиикалық басқару органдарының, жергілікті атқарушы органдардың жұмыс уақытын сағат 9-дан 8-30-ға, ал жоғары оқу орындары мен мамандандырылған оқу орындарының жұмыс уақыты 9-ден 10-ға ауыстырылатындығын баса айтты.