Елші Түркияны қаралап жатқан ақпараттарға сенбеуге шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык қазақстандықтарды Түркиядағы бүлікті Ердоғанның өзі ұйымдастырған болуы ықтимал деген «қара үгітке» сенбеуге шақырды.
«Бұл лаңкестік ұйымның әлемде кең құрылымы бар. Өкінішке орай, оларда «теріс үгіт-насихат» жасауға және қоғам пікіріне ықпал етуге қабілеттері бар. (...) Бауырлас және дос мемлекеттерге келетін болсақ, Қазақстан және Қазақстан халқы біздің елге қатысты айтылып жатқан мұндай «қара пропагандаларға» сенбейді деп үміттенеміз», - деді елші бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
«Бүлік барысында біздің елдің президенті жатқан қонақүй де бомбыланды. Бомбылар Парламентке және басқа да үкіметтік ғимараттарға тасталды. (...) Қазіргі уақытқа дейін осындай «қара үгіт-насихаттар» тыйылмай, біздің елді қаралайтын оқиғаның жаңа нұсқалары айтылып жатыр», - деді Н.Уянык.
Айта кетейік, 15 шілде күні Стамбұлда әскери бүлік орын алып, 190-нан астам бейбіт азамат қаза тапты, 1400-ден астам адам жараланды. Қазіргі уақытта 6 мыңнан астам бүлікші ұсталды, төңкеріс барысында 100-ге жуық бүлікші өлтірілді.