Елшілер еліміздің туризм индустриясының мүмкіндігімен танысты
КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысының Зеренді ауданы аумағындағы «Қазмұнайгаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Сұңқар» сауықтыру кешенінде Қазақстандағы Үндістан, Германия, АҚШ елдерінің елшілері еліміздің туристік индустриясының мүмкіндігі және қолға алынған басым бағыттарымен танысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Туризм.Сауықтыру.Саяхат-2009» алтыншы жәрмеңкесіне қатысқан Үндістанның және Германия Федеративті Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшілері Ашок Санджанхар мен Райнер Ойген Шлагетер, АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің екінші хатшысы Брайан Уокли еліміздің түкпір-түкпірінен келген туристік мекемелер мен фирмалардың, сауықтыру орындарының мүмкіндігіне баса назар аударып, бұл бағытта қоян-қолтық жұмыс жасауға әзір екендіктерін білдірді. Іс-шараға көршілес Ресейден және республиканың облыстарынан 500-ге тарта өкілдер қатысып, өз мүмкіндіктерін ортаға салды. Баспасөз өкілдерімен жүздескен шетелдік меймандар алдында туристік кластерді дамытудағы табыстар мен мақсаттар турасында облыстық спорт және туризм басқармасы бастығының орынбасары Шынарбек Батырханов баяндап, алдағы уақытта қолға алынар істерді тілге тиек етті. Меймандар республиканың табиғи байлығын тиімді пайдалану, экотуризмді дамытудағы талпыныстар, екі жақты қарым-қатынас орнату, қаржылай қолдау көрсету жайында пікір алмасты. Баспасөз өкілдері туризм индустриясына инвестиция тарту, кедендік жеңілдіктер, визалық құжаттар, әлеуметтік ынтымақтастық, Парламентте туризмді дамытуға қатысты қаралып жатқан заңнамалық актілер жайындағы сауалдарына толыққанды жауап алды.Жәрмеңкеге қатысып, өз ойын ортаға салған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Майра Айсина мен облыс әкімінің міндетін атқарушы Қадырхан Отаров туризм индустриясының өңір экономикасына тигізер пайдасы, оның әлеуметтік қауіпсізідігі, қаржылай қолдау,заң тұрғысында кепілдіктер берілу жайында ойларын ортаға салды.