Ел тұрғындары меморгандарға қандай мәселелермен жиі жүгінеді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев ел тұрғындары мемлекеттік органдарға қандай мәселелермен жиі жүгінетінін айтты.
— Биыл сайлаушылар тарапынан елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын қамтитын 965 өзекті мәселе көтерілді. Өтініштердің шамамен жартысы нақты секторға қатысты болды. Халық тарапынан ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, табиғи ресурстар, экология және көлік салаларында мәселелер көтерілді. Сұрақтардың 31 пайызы әлеуметтік салаға тиесілі. Бұл — денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мен білім беру, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігі, — деді Үкімет басшысының орынбасары.

Оның мәліметінше, 125 сұрақ мемлекеттік реттеу мен қаржы-экономикалық мәселені қамтиды. Ал 87 сұрақ күштік құрылымдарға қатысты.
— Оған жеке құраммен толықтыру, материалдық-техникалық, қоғамдық қауіпсіздік бойынша, сондай-ақ өткізу бекеттері мен мемлекеттік шекараны жаңғырту мәселелері кіреді. Өтініштердің құрылымы экономиканы және әлеуметтік саланы дамыту бойынша міндеттерді шешуге бағытталғанын көрсетеді, — деді Қанат Бозымбаев.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Мәжіліс мемлекеттік органдардың ел азаматтарының өтінішін қарау нәтижесін тыңдап жатыр.