Ем емес, ажал ошағы ма: Павлодардағы тұзды көлдерде адам өлімі жиілеп тұр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысында 40-тан астам тұзды көл бар. Соның екеуі - өңірдегі негізгі туристик брендке айналған Маралды мен Тұзқала. Алайда көпшілік шипа іздеп келетін тұзды көлдерде биыл алты адамның ажал құшқаны мәлім болып отыр.
Тұзды суға малшынып, балшыққа батқанды ұнататын жұрт мұнда күн сайын ағылып жатыр. Бір ғана Маралды көліне келушілер саны демалыс күндері 2 мыңнан асып жығылады. Өкінішке қарай, емдік шипажайдың рөлін атқарып тұрған тұзды көлдер көптеген созылмалы ауруды асқындырып жіберетінінен көбі бейхабар. Көл басында суға түсуге байланысты шектеулер жазылған ақпараттық тақтайшалар да жоқ. Осының салдарынан биыл бірнеше адам құрбан болған.
Статистика неге екі түрлі?
Биылғы жаз Ертіс-Баян өңірінде ерекше ыстық. Аптап ыстықта су жағалағанды ұнататындардың көбі жақын жердегі Маралды көліне ағылып жатыр. Алайда су айдынында адам өлімі жиілеп, бұл келеңсіз жайт қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып тұр.
«Маралды» демалыс аймағын жалға алып отырған кәсіпкер Гүлмира Отарғалиеваның мәліметінше, биыл жазда 4 адамның көл басында қайтыс болған.
- Жаз мезгілінде төрт қайғылы жағдай тіркелді. Нақтылай кетейін, бұл оқиғалар суға батудан болған жоқ. Олар жазатайым оқиға ретінде тіркелді. Себебі марқұмдардың денсаулығында гипертония, жүрек-қан тамырлары аурулары немесе тромбоэмболия секілді сырқаттар болған, - деп нақтылады ол.
Ал өңірлік денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, Маралды демалыс аймағында былтыр 1, биыл 3 адамның өлімі тіркелген. Марқұмдардың барлығы егде жастағы адамдар екені айтылады. Бұдан бөлек, Тұзқала көлінде биыл механикалық асфиксиядан (суға тұншығудан) бір адам көз жұмып, 17 адам шұғыл медициналық көмекке жүгінген. Ал Төсағаш ауылы маңындағы тұзды көлдің жабдықталмаған жағажайында тағы бір адам суға батып, оқиға орнында көз жұмған.
Келушілерге ескерту айтылмайды
«Маралды» демалыс орнындағы фельдшер Ақбота Мүшелханның сөзінше, тұз адамның қан қысымын шұғыл көтеріп жіберетін кері әсерге ие.
- Тұзды су адам ағзасы үшін ауыр келеді. Маралды көліне түсіп жүргендердің көбінде қан қысымы жылдам көтеріліп кетеді. Қан қысымы, бас аурулары, күннің көзі өтуі жиі болады. Кімде қан қысымы жоғары болса, олар 10-15 минуттан ғана шомылуын сұраймыз, - дейді дәрігер.
Медицина мамандары ескерткендей, тұзды көлдерде шомылу мүмкіндігі адамның денсаулық жағдайына байланысты жеке бағаланады. Созылмалы аурулары бар азаматтарға өз денсаулық жағдайын және емдеуші дәрігердің ұсынымдарын ескеру қажет. Өзін жайсыз сезіну, бас айналу, ентігу, жүрек тұсының ауыруы немесе артериялық қысымның айқын жоғарылауы сияқты белгілер пайда болған жағдайда судан дереу шығып, медициналық көмекке жүгіну қажет.
Екінші тұрғыдан мұндай жерлерде қауіпсіздік ережелері барынша ескерілуі тиіс. ҚР Ішкі істер министрлігінің №34 бұйрығымен бекітілген Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларына сүйенсек, кез келген демалыс орнында қауіпсіздік ережелері мен ақпараттық ескерту белгілері, баннерлер көрінетін жерде тұруы міндетті. Алайда Маралды мен Тұзқаладағы жағажайларда ондай ақпараттық тақтайшалар атымен жоқ. Бұл талаптың неге орындалмай отырғанын кәсіпкерден сұрағанымызда ол:
- Біз ол туралы Instagram парақшамызда жарияладық және демалушыларға ауызша айтамыз, - деп ақталды.
Бірақ жергілікті тұрғындар кәсіпкердің бұл айтқанымен келіспейді. Демалушы Манас Айтбаевтың айтуынша, Маралдының жағалауын жалға алып отырғандар Instagram-дағы парақшаларына ережелер мен ескертулерді жуықта ғана салған. Бұған көпшілік арасында алаңдаушылық пайда болғаны себеп болса керек.
- Мыңдаған демалушы келетін, аптап ыстықта қан қысымы көтерілетін ашық аспан астындағы көлде қауіпсіздік ережесін «Инстаграмнан оқып алыңдар» деу – азаматтардың өміріне жасалған тікелей жауапсыздық емес пе? Күн сайын жиналатын жүздеген адамға фельдшер мен құтқарушы әрқайсысына жеке барып «15 минуттан асырмаңыз» деп ауызша ескертіп шыға ала ма? Бұл – бос сөз, - дейді ол.
Емі дәлелденбеген
Көлге келушілердің басым бөлігі - «буын ауруына, теріге ем» деп көл балшығын жағып, сағаттап күн астында жататын - қариялар мен шетелдік қонақтар. Мәселен, Железин ауданының тұрғыны Далила Шәріпова Германиядан арнайы келген сіңлісін Маралдыға екі-үш рет алып келгенін, батпақты денелеріне жағып демалғанын айтады. Ал кейбір адамдар көлдің балшығы мен тұзды суын үйлеріне әкетіп, ваннаға түсетінін көрген.
Маралды көлінің суы шынымен шипалы ма? Бұл сауалдың жауабын білу үшін өңірлік денсаулық сақтау басқармасына ресми сауалмен жүгіндік.
- Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасында Маралды көлінің табиғи балшығының емдік қасиеттері немесе ықтимал зияны туралы медициналық қорытынды жасауға мүмкіндік беретін арнайы зерттеулердің нәтижелері жоқ. Осыған байланысты тиісті зертханалық және клиникалық деректерсіз балшықты емдік мақсатта қолдану жөнінде медициналық ұсынымдар беру негізсіз болып табылады, - деген жауап естідік.
Жедел жәрдем тұрақты болмайды
Тағы бір мәселе, адамдар көп баратын Маралды көлінде жедел жәрдем көлігі сирек бой көрсетеді. Туристер кейде жандары қысылғанда жақын маңдағы емдеу мекемелеріне жеке көлікпен жетуге мәжбүр боламыз дейді. Ал бұл жүрек талмасы ұстаған немесе инфаркт алған адамды аудан орталығына жеткізгенше алтын уақытты жоғалтатыны анық.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету және емдеу жұмысы бөлімінің бас маманы Айбек Бәстемиевтің айтуынша, ҚР Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы № 34 бұйрығымен бекітілген Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының 7-тармағының 4) тармақшасына сәйкес, су айдындарында құтқару бекеттері, кезекші медициналық персоналы бар алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған үй-жай, қажетті құрал-сайман мен дәрі-дәрмек және балалардың шомылуына арналған учаскелер болмаған жағдайда жаппай демалыс, туризм орындарын ашуға болмайды.
- Бұл ретте аталған қағидаларда әрбір жағажайда жеке жедел медициналық жәрдем бригадасының немесе жедел жәрдем автокөлігінің тұрақты түрде болуына қатысты жеке талап белгіленбеген. Маралды көлінің ресми демалыс аймағында жалға алушының есебінен күн сайын фельдшердің кезекшілігі ұйымдастырылып келеді. Ал демалыс және мереке күндері Шарбақты аудандық ауруханасымен жасалған шарт бойынша санитариялық көлік қосымша тартылады, - деп түсіндірді басқарма өкілі.
Бұған дейін СҚО-дағы суы шипалы Меңгесер көлінде екі адамның көз жұмғанын жазғанбыз.
Ал жақында Павлодарда тұзды көл жағасында демалып жүрген ер адам өкпесі ісініп көз жұмды.