Емханаға тіркелу кезінде нені білу керек?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қыркүйектің 15-нен еліміз бойынша емханаға тіркелу науқаны басталды. Екі айға созылатын жыл сайынғы шара 15 қараша күні аяқталады. Оның мақсаты – қаралып жүрген емханасына көңілі толмайтын немесе тұрғылықты мекен-жайын ауыстырған азаматтарға, сондай-ақ басқа себептерге байланысты емдеу мекемесін таңдауға мүмкіндік беру.

Емханаға тіркелу кезінде нені білу керек?

Дәрігерлердің айтуынша, тұрғындар емхананы өздері таңдайды. Ал, медициналық ұйымға тіркелу кезінде неге көңіл бөлу керек? Тіркеу жүйесі қалай жұмыс істейді? Қандай жағдайда пациент емханаға тіркеле алмайды? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін Астана қаласы №5 емхананың директоры Алтыншаш Табылдинамен тілдескен едік.

- Алтыншаш Жұмашқызы, тіркелу науқаны аясында әр қазақстандық емхана мен дәрігерді өзі таңдай алады. Десе де, үйге жақын мекемеге тіркелу маңызды болып саналады. Неліктен?

- Отбасылық қызмет көрсету принципі деген болады. Бұл дегеніміз отбасылық дәрігер отбасы мүшелерінің қандай аурулармен ауыратынын және қандай инфекцияларға бейім екенін жақсы біледі, ем-домы да тиімді болады. Сондықтан, бір маманға ұзақ қаралсаңыз, денсаулығыңызға жасалатын бақылау да тиімді болмақ. Барлық емдеу учаскелерінде баланы да, ересектерді де қарайтын ВОП дәрігері жұмыс жасайды.

Сонымен қатар, емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланған кезде аумақтық қағидатты да естен шығармаған жөн, яғни үйде медициналық көмек алу қажет болған жағдайда, дәрігерді немесе мобильді бригаданы шақыру үшін тұрғылықты жері бойынша тіркелу керек. Cебебі, пациент емхананың қызмет көрсету аумағында тұрған кезде ғана үйде медициналық көмек көрсетіледі. Мұны, әсіресе кішкентай балалары бар отбасылар, жүкті әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар ескеру керек. Оларға консультациялық және диагностикалық, үйдегі стационар мен әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.

Айта кетерлігі, пациент қызметтер пакетін 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ала бастайды, яғни 31 желтоқсанға дейін бұрын тіркелген емханада қызмет көрсету жалғастырылады.

- Емханаға қалай тіркелуге болады?

- Емханаға тіркелу жолдары өзгерген жоқ. Оның 2 түрлі тәсілі бар. Біріншісі – «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымдарына тіркеу» қызметін пайдалану арқылы, екіншісі – емханаға барып, өтініш жазу арқылы тіркелу. Айта кететін жайт, екінші тәсілді зейнеткерлер, мүгедектер, бала кезден мүгедек азаматтардың қамқоршылары, түрмеде жазасын өтеп жатқандар, студенттер, әскери борышын өтеп жатқандар, шетелде туған балалар мен сенімхат арқылы тіркелетін азаматтар пайдалана алады.

- Тіркелу науқанына әркім қатысуы керек пе?

- Емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланбаған азаматтар бұрын өзі қаралған алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымында тіркелген күйі қалады.

- Қандай жағдайда пациент емханаға тіркеле алмайды?

- Медициналық ұйымдар жүктеме болған жағдайда да, емхананың қызмет көрсету аумағында тұратын пациенттерді өзіне тіркеуі тиіс. Ал, емхана өзі қызмет көрсететін аймақтан тыс жерде тұратын азаматтарды, сондай-ақ бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекеме жүктемесі шектен асып кеткен жағдайда тіркеуден бас тартуы мүмкін. Қолданыстағы нормативтерге сәйкес, учаскедегі жалпы практика дәрігеріне тіркелгендер саны 1700-ден аспауы тиіс.

- Тіркелу кезінде неге мән беру керек? Емхананың медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан болуы маңызды ма?

- МӘМС жүйесі енгізілгелі медициналық сақтандыру аясында қызмет көрсететін мекемелер саны артты. Айта кетерлігі, тегін медициналық көмек және медициналық сақтандыру жүйесі аясында қызмет көрсетуге Қормен шарт жасасқан ұйымдардың басым бөлігі (52%) жекеменшік клиникалар болып табылады. Олардың тізімін Қордың fms.kz сайтында «Клиниканы таңдау» бөлімінен көруге болады. Емхана қормен шартқа отырған кезде ғана емделушілер МӘМС аясында көрсетілетін медициналық қызметтерді ала алады.

- Шетелдік азаматтардың емханаға тіркелу тәртібі қалай жүргізіледі?

- Биыл тіркеу тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұдан былай Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден келген еңбек мигранттары емханаға тіркелу үшін ерікті медициналық сақтандыру полисін сатып алуы тиіс. Олар емхананың тіркеу бөліміне барып, өтініш жазады. Сонымен қатар, Қазақстанға уақытша келген немесе баспана іздеп жүрген азаматтығы жоқ шетелдік азаматтарды алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымға ерікті медициналық сақтандыру шарты негізінде тіркейді. Шарттың қолдану мерзімі аяқталғаннан кейін олар медициналық ұйымнан автоматты түрде шығарылады.

- Ал елімізге пана іздеп келген жандар ше? Олар қандай жағдайда медициналық көмек ала алады?

- Бұл азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қаралуға құқылы. Бұл пакет бойынша пациент емхана деңгейінде алғашқы қызметтерді, жедел көмекті, санитариялық авиацияны және шұғыл стационарлық көмекті, дәрілік қамтамасыз етуді қоса алғанда әлеуметтік мәні бар және созылмалы аурулар кезінде медициналық көмекті алады. Шұғыл медициналық көмек азаматтардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан көрсетіледі. Сондай-ақ, босқындардың айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар. Айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың тізімі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген.

Сонымен қатар, олар сақтандыру мәртебесін алу үшін төлем жасаған кезде әлеуметтік медициналық сақтандыру және ерікті медициналық сақтандыру жүйесі аясында Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең дәрежеде медициналық көмек ала алады.

Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының деректері бойынша соңғы екі айда шетелдіктер АИТВ-инфекциясына қатысты медициналық анықтамалар алу үшін медициналық көмекке жиі жүгінеді.

- Қала маңындағы ауылдарда тұратын адамдар қалалық емханаға тіркеле ала ма? Басқа өңірлердің тұрғындары емдеу курсынан өту және диагностикалық қызметтерді алу үшін елордалық емханаларға қаншалықты жиі «уақытша» тіркеледі? Мұндай проблеманың себебі неде және оны қалай шешу керек деп ойлайсыз?

- Пациент алғашқы медико-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарға уақытша тіркеле алмайды.

Қазір ауылдық жерлерде тұратын пациенттердің мәселесі оң шешімін тапты деп айта аламын. Сақтандырылған азаматтар тұрғылықты жеріндегі емханадан қажет қызмет түрлерін алу үшін қалалық және республикалық клиникаларға жолдама алуға құқылы. Медициналық ұйымдар арасында өзара есеп айырысу шарты автоматты түрде жасалады және пациентке бұл үшін қалада тіркелудің қажеті жоқ.

- Алтыншаш Жұмашқызы, өзіңіз басшылық ететін медициналық ұйымда қандай динамиканы байқайсыз? Қандай да бір шектеу бар ма?

- Емхананың 1,5-2 ауысымдағы жұмысы кезінде медициналық қызмет көрсету үшін пациенттердің қажетті саны есептеледі. Барлық дерлік алғашқы медико-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарға шамадан тыс жүктеме артылған. Байқағанымыздай, бір жыл ішінде шамамен 2-3 мың пациент басқа емханаға ауысады да, орнына соншама адам тіркеледі.

- Сұхбатыңызға рахмет!