Emirates әуе компаниясы Алматы мен Дубай арасында жүк рейстерін іске қосты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы мен Дубай арасында енді жүк тасымалымен айналысатын ұшақтар қатынайды.
2026 жылдың 16 маусымында Emirates SkyCargo компаниясы Дубай – Алматы бағыты бойынша Boeing 777F ұшағымен алғашқы жүк тасымалын жасады.
Алматы халықаралық әуежайының мәліметінше, алғашқы жүк рейсін орындаған ұшақ авиациядағы дәстүр бойынша су доғасымен қарсы алынған. Қызметкерлер экипаж мүшелерін салтанатты түрде күтіп алып, тұсаукесер рәсімін өткізген.
- Алматы – Дубай – Алматы бағыты бойынша апталық жүк рейстері әр сейсенбі күні орындалады. Әуе компаниясы аптасына 100 тоннадан астам жүк тасымалдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Бұл Алматы мен халықаралық нарықта электроника, тез бұзылатын өнімдер, өнеркәсіптік жабдықтар және басқа да тұтыну тауарларын қоса алғанда, әртүрлі жүк түрлерін тиімді әрі үздіксіз тасымалдауға мүмкіндік береді, - деп хабарлады әуежайдан.
Алматы Emirates SkyCargo компаниясының Орталық Азиядағы алғашқы бағытына айналған.
Еске салайық, бұған дейін армениялық әуе компаниясы Қазақстанға жаңа рейс ашқанын жазғанбыз.