Ең озық технологияларды енгізуден бас тартқан компанияларға экспорт шектелуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Ең озық қолжетімді технологияларды (ЕҚТ) енгізбеген компаниялар өз өнімін экспорттауда шектеулерге тап болуы мүмкін. Бұл туралы Сенат депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Ольга Булавкина айтты.

Депутаттың айтуынша, экологиялық жаңғыртудан бас тарту ұзақмерзімді перспективада өндіріс шығындарының артуына алып келеді. Бұл инфляция мен экологиялық нормалардың қатаңдауына байланысты. Сонымен бірге, Қазақстанның экологиялық саясатына халықаралық әріптестердің сенімі азаюы мүмкін. Бұл елді «жасыл» халықаралық бастамалардан шығарып, орнықты қаржыландыруға қолжетімділікті шектеуге әкеледі.
Ольга Булавкина биылғы қаңтар айында Үкімет отырысында ЕҚТ енгізу мен кешенді экологиялық рұқсатты беру мерзімі 2025 жылдан 2031 жылға шегерілгенін еске салды.
Оның айтуынша, бұл шешім өтпелі кезеңге арналған нақты жоспар мен компаниялардың бұл уақытты сылтау ретінде пайдаланбайтынына кепілдік болған жағдайда ғана негізделген шешім бола алады. Әйтпесе, ел экологиялық дағдарысқа, экономикалық шығындарға және өнеркәсіптік өңірлерде әлеуметтік шиеленістің артуына тап болуы мүмкін.
Айта кетейік, биыл елдегі 50 ірі кәсіпорын ең озық қолжетімді технологияларды енгізіп, кешенді экологиялық рұқсат алуға міндетті. Ал 2031 жылдан бастап бұл талап бірінші санаттағы барлық кәсіпорынға қолданылады. Талап орындалмаған жағдайда экологиялық төлем 2, 4 және 8 есе ұлғаяды.