«Еңбек адамы – 2025» республикалық байқауы жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Жазушылар Одағы мен Қазақстан Ұлттық Инженерлік Академиясы бірлесе отырып «Еңбек адамы – 2025» байқауын өткізетінін хабарлады.

жазу
Фото: pexels.com

Бұл игі іс-шара Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына орай ұйымдастырылып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашағы инженерлік кадрларды дайындау сапасына тікелей байланысты екенін, сондай-ақ, осы саланы дәріптеу арқылы жұмысшы мамандықтары беделі мен имиджін көтере отырып, қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттау қажеттігін атап өтті.

Бұл байқау ел Президентінің реформасына сәйкес, «Еңбек адамы – өндіріс адамы», «Жұмысшы мамандықтары жылы», «Өңірлік даму мен ерекшелікті ашқан үздік материал» және «Инженерлердің қоғамдағы орны» атты негізгі тақырыптарды қамтиды.

«Еңбек адамы – 2025» республикалық байқауы – әдебиеттегі жұмысшы инженерлер бейнесі, қалың өндірістің ортасында табан ақы, маңдай термен ел игілігіне ерен еңбегімен олжа салып жүрген мыңдаған еңбек адамының тыныс-тіршілігі бейнеленген шығармалардың байқауы болмақ.

Байқауды өткізу мерзімі

Өтінімдерді қабылдау – 2025 жылдың 1 тамызынан бастап 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін.

Байқаудың қорытындысы 2026 жылдың 15 қаңтарында дейін анықталады.

Марапаттау – 2026 жылдың 15 ақпан күні өтеді.

«Еңбек адамы – 2025» республикалық байқауға қатысушылардан қабылданған шығармаларды жазушылардан, ғалымдардан, мемлекет және қоғам қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы қарайды. Алқа мүшелері шығармаларды сараптап, үздіктерді дауыс беру арқылы анықтайды.

Қазылар алқасының ұйғарымымен жүлдегер атанған шығармалар мен авторлар салтанатты түрде марапатталып, сыйлықтары табыс етіледі.

«Еңбек адамы – 2025» республикалық байқауында шығармасы ең үздік деп танылған Бас жүлде (Гран-При) алған қаламгерге «Қазақстан Жазушылар одағы» РҚБ мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік Академиясының Төс белгісімен және дипломымен марапатталады.

Бас жүлде (Гран-При) – 10 000 000 (он миллион) теңге.

1-орын (сертификат) – 5 000 000 (бес миллион) теңге.

2-орын (сертификат) – 2 500 000 (екі миллион бес жүз мың) теңге.

3-орын (сертификат) – 1 000 000 (бір миллион) теңге.

Сонымен қатар байқауға қатысушылар:

1. «Заманауи өндірістегі еңбек адамының бейнесі»;

2. «Инженерлердің қоғамдағы орны»;

3. «Өңірлік даму мен ерекшелікті ашқан үздік материал» аталымы бойынша 500 000 (бес жүз) мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары бойынша марапатталады.

Толығырақ ақпаратты «Қазақстан Жазушылар одағы» РҚБ мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік Академиясы сайтынан қарауға болады.

Соңғы жаңалықтар