Еңбек адамының абырой-беделін арттыруға ерекше көңіл бөлу керек — Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM — Қазір еңбек нарығын трансформациялау жүріп жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.

— Мемлекет басшысы 2030-шы жылға қарай 3,3 млн адамды, соның ішінде 2,3 млн жас азаматты жұмысқа орналастыру бойынша нақты бағыт-бағдарымызды айқындап берді. Халықты жұмыспен қамту мәселесін кешенді түрде шешу үшін қазіргі таңда еңбек нарығын трансформациялау жүріп жатыр. Мамандықтар мазмұны жағынан өзгеріске ұшырап жатыр. Экономикадағы құрылымдық өзгерістердің нәтижесінде бұрыннан қалыптасқан бірқатар кәсіп жойылып, жаңалары пайда болып жатыр. Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамының абырой-беделін арттыруға ерекше көңіл бөлу керек. Олар заманауи талаптарға сай болуға тиіс, — деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар ол қазір елімізде ауқымды логистикалық және энергетикалық жобалар іске қосылып жатқанын айтты. Түрлі салаларда цифрлық шешімдер белсенді енгізіліп отыр.
— Жалпы, кешенді шаралар жаңа сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Еңбек министрлігі аталған жұмысты салалық министрліктермен және әкімдіктермен тұрақты түрде үйлестіріп, қажет жедел шараларды қабылдауға тиіс. Бұл ретте еңбек нарығындағы өзгерістердің толық есебін жүргізіп отыру керек, — деді Үкімет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, субсидияланатын жұмыс орындарын іске асыру тәртібіне өзгеріс енгізіліп жатыр.