Еңбек дауы: Таразда мыңдаған адамға төленбей келген өтемақы қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының облыстық ветеринариялық станциясының қызметінде еңбек заңнамасының сақталуына тексеру жүргізді. Бұл туралы прокуратура мәлім етті. 

өтемақы
Фото: Kazinform

— Қадағалау іс-шараларының нәтижесі бойынша еңбек заңнамасы талаптарының өрескел бұзылуы анықталды, бұл қызметкерлердің заңмен кепілдендірілген өтемақы төлемдерін уақтылы алуға конституциялық құқықтарына нұқсан келтіруге әкеп соқтырған, — деп жазды құзыорлы органнан.

Кәсіпорын 1 010 қызметкерге зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін қосымша төлемдерді уақтылы төлемегені анықталды.

— Бұл ретте ветеринарлық дәрігерлер аса қауіпті инфекциялар мен жануарлардың ауруларын жұқтыру қаупімен байланысты еңбек қызметін жүзеге асырады. Заңнама талаптарына қайшы, 2025 жылы жасалған ұжымдық шартта ауыр жұмыстармен, сондай-ақ зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстармен айналысатын қызметкерлерге қосымша ақы төлеу жүйесін көздейтін міндетті ережелер көрсетілмеген, — делінген хабарламада.

Прокурорлық қадағалау актісі негізінде ұжымдық шартты заңнама талаптарына сәйкес келтіру жөнінде шаралар қабылданды, сондай-ақ қызметкерлерге тиесілі қосымша төлемдер бойынша берешекті толық өтеу қамтамасыз етілді.

Кінәлі лауазымды тұлғалар заңмен белгіленген жауаптылыққа тартылды.

Аталған саладағы заңдылықтың жай-күйі прокуратураның ерекше бақылауында.

Айта кетейік, Қазақстанда 95 кәсіпорында еңбек дауы қаралып жатыр.