Еңбек дауының алдын алу: тәуекел деңгейін анықтау картасының нәтижесі
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Еңбек тәуекелдері картасына қатысты түсінік берді.
- Әлеуметтік шиеленісті уақтылы анықтау және еңбек жанжалдарының алдын алу мақсатында Министрлік Еңбек тәуекелдері картасы арқылы әлеуметтік-еңбек саласының мониторингін жүргізеді. Бүгінде мониторинг 98 мың кәсіпорынды қамтыған. Тәуекел деңгейін бағалау нәтижелері бойынша жоғары санатқа 2 мың 300 кәсіпорын, орташа санатқа 3 мың 200 кәсіпорын кіреді, - деді А. Ертаев.
Еңбек тәуекелдері картасы кәсіпорындардағы әлеуметтік-еңбек ахуалы туралы ақпаратты талдауға, жұмыс берушілерді еңбек заңнамасын бұзу белгілері туралы проактивті түрде анықтауға және хабардар етуге ықпал етеді. Карта арқылы жасалған мониторинг кәсіпорындардағы ахуалды аудан деңгейіне дейін бақылауға мүмкіндік береді.
- Әкімдерге, еңбек инспекциясына және құқық қорғау органдарына жедел аналитикалық ақпарат дайындауға жағдай жасайды. Алдын алу шараларын қабылдауға және еңбек жанжалдарын болдырмауға көмектеседі. Биыл картаны қаржы, әділет, денсаулық сақтау министрліктерінің, Бас прокуратураның ақпараттық жүйелерімен қосымша интеграциялау қажет. Жалпы, қолданыстағы цифрлық шешімдер кәсіпорындардың жұмысын онлайн режимінде бақылап, талдауға мүмкіндік беретін толық жұмыс істейтін ахуалдық орталықты құруға жағдай жасайды, - деді министр.
Бұған дейін хабарланғандай, Асқарбек Ертаев 480 мыңға жуық адам еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтінін айтты.