Еңбек құқықтары мен сыбайлас жемқорлық мәселелері баяндалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау шаралары, орталық және жергілікті атқарушы органдардағы сыбайлас жемқорлық мәселелері талқыланды.

Еңбек құқықтары мен сыбайлас жемқорлық мәселелері баяндалды

Қазақстанда минималды еңбек стандарттарын, жұмысшыларға кепілдіктер мен өтемақыларды бекітетін жаңа Еңбек кодексі былтырдан бастап қолданысқа енді. Отырыста талқыланған келесі тақырып - осы жаңа кодекстің құқықтық қолдану тәжірибесі мәселелері мен жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау шаралары жайында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндады.

Министрліктің мәліметі бойынша, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту мақсатымен алдағы үш жылда қысқартылған жұмыс уақытын, ақысы төленетін қосымша жыл сайынғы еңбек демалысын беру, емдік-профилактикалық тамақтандыру өнімдерін жеткізу бойынша салалық нормативтер қайта қаралады. Әйелдердің де еңбегін реттеу жұмыстары жоспарланады. Еңбек министрлігі Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп кәсіподақтардың қызметін жетілдіру мен еңбек дауларын шешу мәселелері бойынша заң жобасының тұжырымдамасын әзірлегені де мәлімделді.

Еңбек қатынастары тақырыбына Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының әкімдері, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ә.Құсайынов, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС бас директоры Р.Ізмұханбет қосылып, сөз сөйледі.

Б.Сағынтаев жұмыс орындарындағы жарақаттану деңгейін төмендету және қазақстандықтардың еңбек құқықтарын сақтау бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Үкімет басшысы әкімдерге Еңбек тәуекелдері картасы аясында еңбек нарығындағы жағдайға тұрақты түрде мониторинг жүргізуді тапсырды. Қазақстанның әрбір өңірінде жұмыскерлерді жұмыстан босату бойынша болжамдар болуы керек, оған қоса онда жұмыстан босатылатындардың саны ғана емес, болжамды еңбекпен қамту орындары да ескерілуі тиіс. Сондай-ақ, еңбекақыны кідіртпей төлеу бойынша жұмыс жүргізу қажет.

Жиында қаралған үшінші мәселе - орталық және жергілікті органдардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері жөнінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев баяндады. Ол сыбайлас жемқорлықтың таралуына тосқауыл болатын маңызды шара - мемлекеттік қызмет көрсету кезінде азаматтардың шенеуніктермен тікелей байланысын шектейтін мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларын автоматтандыру және ықпалдастыру болып табылатынын атап көрсетті.

Отырыс қорытындысында биылғы жылдың бес айындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жария етілді. Оған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов қысқаша тоқталып, статистика мәліметтеріне сәйкес, осы мерзімде ЖІӨ бойынша оң қарқын байқалғанын атап өтті. Соның ішінде, ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша өсім өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ті құрады. Алты маңызды саланың даму қарқынынан тұратын қысқа мерзімді экономикалық индикатор 5,8%-ке өсті. Өнеркәсіпте оң қарқын байқалып, 7,8%-ті көрсетті. Құрылыс, сауда және көлік саласында да біршама ілгерілеушілік бар. Инфляция 7,5% деңгейінде сақталды.

Үкімет басшысы мемлекеттік органдардың басшыларына және өңірлер әкімдеріне биылғы жылдың нәтижелері бойынша экономикадағы жоспарланған индикаторларға қол жеткізудің кешендік жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.