Еңбек нарығын қолдау: 200 мыңнан аса қазақстандық жұмысқа орналастырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері 131 мыңнан астам адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

жұмыс
Фото: gov.kz

2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 131,3 мың адам қамтылып, 200,4 мың қазақстандық жұмысқа орналастырылды.

Халықты жұмыспен қамтуды арттыру, кәсіпкерлікті дамыту және азаматтарды кәсіби оқыту бойынша қабылданып жатқан кешенді шаралар Үкіметтің ерекше бақылауында. Бұл міндеттерді іске асырудың негізгі тетіктері ретінде өңірлік жұмыспен қамту карталары, ұлттық жобалар және салалық мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.

— Жұмыспен қамту саясатының маңызды бағыттарының бірі — субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру. Бүгінде мұндай жұмыс орындарына 69,8 мың адам орналасқан. Оның ішінде: қоғамдық жұмыстарға — 49,6 мың адам, әлеуметтік жұмыс орындарына — 8,2 мың адам, жастар практикасына — 4,9 мың жас маман, ал «Күміс жас» жобасы аясында — 7,1 мың адам, — делінген хабарламада.

Еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа дағдыларды меңгеру мен азаматтардың біліктілігін арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылып отыр. Онлайн оқумен 37,5 мың жұмыссыз азамат қамтылып, олардың 29,3 мыңы оқу курстарын аяқтап, тиісті сертификаттарға ие болды.

Сонымен қатар халықтың кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға бағытталған «Бастау Бизнес» жобасы да жалғасып келеді. Жыл басынан бері кәсіпкерлік негіздеріне 21 мың адам оқытылып, оның ішінде 10 мың адам оқуын аяқтап, сертификат алды.

Жұмыс берушілердің сұранысы негізінде кәсіби оқытуға 3 040 адам жіберілді. Оның 78-і оқуын аяқтап, 46 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Бұл шара өңірлік еңбек нарықтарының қажеттіліктеріне сай мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге мансап орталықтарында азаматтарға кәсіптік бағдар беру жұмыстары белсенді жүргізіледі. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау және консультациялық қызметтермен 170,6 мың адам қамтылды. Бұл азаматтардың мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдауына және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Азаматтарды жұмысқа орналастыру бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылатыны және міндетті зейнетақы жарналарының аударылуы арқылы расталатынын айта кету керек.

2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша барлығы 200,4 мың адам жұмысқа орналастырылды:

— халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары аясында — 69,8 мың адам;

— Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына — 69,9 мың адам;

— Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында — 55,7 мың адам;

— орталық мемлекеттік органдар іске асырып жатқан жобалар шеңберінде — 5 мың адам.

Сонымен қатар халықтың кәсіпкерлік белсенділігін қолдау мақсатында 2026 жылы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде, яғни 1 730 000 теңге көлемінде 9 мың мемлекеттік грант беру көзделген.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары еліміздің барлық өңірінде жалғасады. Бұл жұмыстар халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге, азаматтардың табысын арттыруға және адами капиталды дамытуға бағытталған.

Осыған дейін Қазақстанда 2026 жылғы I тоқсанда жұмыссыздық деңгейі 4,5% болғанын жазған едік.