Еңбек заңнамасы: жұмыс берушілер қандай талаптарды жиі бұзады
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада жыл басынан бері 181,4 млн теңгеден астам жалақы берешегі өтеліп, 736 жұмыскердің еңбек және конституциялық құқықтары қорғалды. Жалақыны уақытында төлемеген жұмыс берушіге қандай шара қолданылады және еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы қалай бақыланады? Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Исмағұлов түсіндірді.
Оның айтуынша, еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік еңбек инспекторлары бақылайды. Алайда инспекторлар кәсіпорынды кез келген уақытта тексере алмайды. Тексеру жүргізу үшін заңда көзделген негіз және оны растайтын дәлел болуы керек.
– ҚР Еңбек кодексіне сәйкес еңбек заңнамасы саласындағы мемлекеттік бақылауды мемлекеттік еңбек инспекторлары тексеру арқылы жүзеге асырады. Тексерулер Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес негіздер мен растайтын дәлелдер болған кезде жүргізіледі, – деді Ерлан Исмағұлов.
Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 10 202 өтінішті қарап, 271 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін 125 нұсқама берілді.
Еңбек заңнамасын бұзған 114 заңды және жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 22,2 млн теңгені құрады.
Жалақы берешегі қалай өтеледі
Еңбек инспекциясы назар аударатын негізгі мәселелердің бірі – жалақының уақытында төленуі.
Оның мәліметінше, биылғы 25 тамыздағы жағдай бойынша Астанада 4 кәсіпорын 73 жұмыскерге жалпы сомасы 22,8 млн теңге жалақы қарыз.
– Аталған ұйымдарда тексеру іс-шаралары жүргізіліп, жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, міндетті түрде орындауға жататын нұсқамалар енгізілді. Сондай-ақ материалдар мәжбүрлеп орындату үшін жеке сот орындаушыларына жолданды, – деді ол.
Ал кәсіпорын банкрот болған немесе оңалту рәсімінен өтіп жатқан жағдайда берешекті өтеудің тәртібі өзгеше. Қазір осындай кәсіпорындардың 169 жұмыскер алдындағы жалақы қарызы 53,7 млн теңгені құрайды.
Бұл берешек «Оңалту және банкроттық туралы» заңға сәйкес конкурстық басқарушылар арқылы өтеледі.
– Жалпы жыл басынан бері қабылданған шаралардың нәтижесінде 181,4 млн теңгеден астам жалақы берешегі өтеліп, 736 жұмыскердің еңбек және конституциялық құқықтары қорғалды. Мемлекеттік еңбек инспекциясының жұмысы тек заң бұзылғаннан кейін тексеру жүргізумен шектелмейді. Еңбек жанжалдарының алдын алу үшін тәуекелі жоғары кәсіпорындармен де жұмыс жүргізіледі, – деді Ерлан Исмағұлов.
Осы мақсатта еңбек инспекциясы прокуратурамен бірлесіп, тәуекел деңгейі жоғары тізімге енген жұмыс берушілермен кездесулер өткізіп келеді.
Бұдан бөлек, әкімдік жанында әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссия жұмыс істейді. Биыл комиссияның 3 отырысы өткізілген.
Еңбек қауіпсіздігі қалай бақыланады
Тағы бір маңызды бағыт – өндірістегі қауіпсіздік пен жұмыскерлердің еңбегін қорғау.
– Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары Астана қаласының прокуратурасы және Кәсіподақтар орталығымен бірлесіп, 30 көшпелі іс-шара өткізді. Оған 2 870-тен астам жұмыскер қатысты, – деді Ерлан Исмағұлов.
Бұл жұмыстар барысында кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына, жұмыскерлер үшін қауіпсіз жағдай жасауға, өндірістік жарақаттануды азайтуға және жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруға баса назар аударылған.
Құрылыс нысандарындағы қауіпсіздікті бақылауда жаңа тәсіл де қолданыла бастады. Атап айтқанда, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылып жатыр. Бұл жұмыс прокуратура және Астана қаласының полиция департаментімен бірлесіп жүргізіледі.
Әуеден мониторинг жүргізу кезінде әдеттегі тексеру барысында анықтау қиын болатын заң бұзушылықтарды тіркеуге мүмкіндік бар.
Жыл басынан бері қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарын бұзған 13 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы 1,1 млн теңге айыппұл салынды.
Бұған дейін еңбек инспекциясы уақытша және маусымдық жұмыскерлердің де еңбек заңнамасында көзделген барлық негізгі кепілдікке ие екенін түсіндірген еді.