Еңбекақысы уақытылы төленбеген азаматтар енді жұмыс берушіден моральдық шығын талап ете алады - Жоғарғы сот

Жалпы отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе ретінде «Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулының жобасы талқыланды. Жоғарғы сот дайындаған бұл нормативтік құжаттың тың жаңалығы - азаматты заңсыз жұмыстан босатқан, еңбекақысын уақытылы төлемеген, тіпті, жұмысы үшін сыйақы төлемеген жұмыс берушіні өз қызметкеріне моральдық шығын төлеуге міндеттейді. Бұл туралы нормативтік қаулының негізгі мазмұнын түсіндірген Жоғарғы Соттың судьясы Ербол Исмаилов мәлім етті.
«Жоғарғы Соттың «Азаматтық және әкімшілік істер» жөніндегі қадағалаушы сот алқасымен Конституциялық заңның 17-бабын, Жоғарғы Соттың 2015 жылға көздеген жұмыс жоспарын орындай келе, «Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» сот практикасын зерттеп, жинақталған қорытынды бойынша осы нормативтік актінің қаулысы дайындалды. Жалпы, заң бойынша азаматтың іскерлік беделін қорғау туралы талап моральдық зиянды өтеу туралы талапты қоспағанда, тиісінше заңды тұлғаның іскерлік беделін қорғауға да қолданылады. Заңды тұлғаның іскерлік беделін қорғауға Азаматтық кодексте белгіленген тәртіп бойынша залалдарды өтеу туралы қағидалар қолданылады. Бұндай заң талаптарының нақтылығы күмән келтірмейтін болса да, осы нормативтік акт арқылы түсіндіру жұмыстарының артық еместігін көрсеткіміз келді. Мүліктік емес өзіндік құқықтарды қорғаудың Азаматтық кодексте көзделген тәсілдерін соттар басқа нормативтік құқықтық актілерде, мысалы, «Еңбек туралы» заңнамалы актілерде арнайы бекітілмеген жағдайларда қолдануы мүмкін»,-деген судья қоғамда жиі кездесетін бір мысал келтірді.
«Мысалы, жұмыс берушінің құқыққа қарсы әрекеті арқылы немесе, керісінше, әрекетсіздігі арқылы келген моральдық зиянды өтеу туралы мәселе Еңбек кодексінде реттелмеген. Бірақ, бұл тұрғыда, Азаматтық кодекстің 1-бабында тікелей көрсетілгендей, азаматтық заңнамаларды қолдану мүмкіндігі қарастырылған. Жұмыстан заңсыз шығару, еңбек ақыны уақытылы төлемеу, қызметкердің еңбегі үшін сыйақы алу қызметкердің конституциялық құқығын бұзу болып есептеледі. Себебі, жұмыс берушінің осы әрекеттері жұмысшыны күн көрісінен айырады. Амалы таусылған жұмысшы қарыз сұрауға мәжбүр болады, өмір сүру жағдайы нашарлайды. Осы құқықтық қатынастар азаматтардың мүліктік емес құқықтарына жатады. Сондықтан, еңбекақыны өндіріп алу туралы талап қойылған кезде, оның моральдық құқығы да қорғалуы керек. Біз осы түсіндірмені айтуды жөн санадық»,-дейді Е.Исмалилов.
Айта кетейік, Жоғарғы Соттың практикасында осында нормативтік қаулыларды қабылдау және сот практикасында кездесетін мәселелер бойынша түсіндірме беру - «Қазақстан Республикасының сот жүйесінің, судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 17-бабында тікелей қарастырылған ең маңызды мәселелердің бірі болып саналады.