Еңбекке құрмет: «Тірек» деректі фильмі көрерменге ұсынылады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Президент Телерадиокешенінің Деректі кино орталығы түсірген «Тірек» деректі фильмі көрерменге жол тартады. Туынды жұмысшы мамандық иелерінің күнделікті тыныс-тіршілігін баяндайды.
Фильм кейіпкерлерінің бірі — «Жомарт» шаруа қожалығында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан Нұрбол Аманжолов. Ол биыл мал шаруашылығының дамуына қосқан үлесінің арқасында Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

— Бала кезімізде әкем «мал баққанға бітеді» дейтін. Оның мағынасын кейін түсіндік. Қазір отбасымызбен осы ұстаныммен еңбек етеміз. Балаларды да жастайынан жұмысқа баулимыз. Себебі адамды алға сүйрейтін — еңбек, — дейді ол.
Фильмде сауыншы Гүлнәр Әбдіраманованың еңбек жолы да қамтылған. Оның ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өтілі — 20 жыл. Соңғы он жылда сүт фермасында сауыншы болып жұмыс істейді. Күн сайын түнгі үште тұрып, екі әріптесімен бірге 400-ге жуық сиыр сауады.
— Бұрын қолмен саудық. Бел ауыратын, қол күбіртке болатын. Соған қарамастан жұмысты тастаған жоқпыз, — дейді ол.
Осы жылы Гүлнәр Әбдіраманованың еңбегі жоғары бағаланып, Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.

— Астанаға ұшақпен алғаш рет бардым. Қатты толқыдым. Президенттің қолынан марапат алу мен үшін зор қуаныш болды, — дейді сауыншы.
«Тірек» деректі фильмі тек осы кейіпкерлермен шектелмейді. Туындыда күнделікті тірлігін тиянақты атқарып жүрген тағы ондаған жанның өмір жолы бар. Олардың табандылығы, адалдығы мен кәсібіне деген сүйіспеншілігі жас буынға үлгі болары сөзсіз.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған болатын. Ал «Тірек» фильмі — оларға деген шынайы құрметті, ел тірегін танытатын тағылымды туындының бірі.
Деректі фильмді бүгін сағат 17:15–те Jibek Joly арнасынан тамашалауға болады.