Еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшері айқындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшері айқындалды.
None
None

ҚазАқпарат құжаттың мәтінін таратады.

Еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшерін айқындау туралы

2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі 15-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшерлері айқындалсын. 2. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын. 3. Осы қаулы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1103 қаулысына 1-қосымша

Еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшерлері 1. Ұлы Отан соғысының жұмыс істейтін қатысу­шыларын, мүгедектерін және оларға теңестірілген адамдарды қоспағанда, қызметкердің еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақының (бұдан әрі - жәрдемақы) мөлшері оның бір күндік орташа жалақысын еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңіне келетін жұмыс күндерінің санына көбейту жолымен айқындалады. Қызметкердің бір күндік орташа жалақысының мөлшері 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі 114-бабының 3-тар­мағына сәйкес есептелген оның орташа жалақы­сының есебінен айқындалады. 2. Егер еңбекке уақытша жарамсыздық алдыңғы жылы басталып, ағымдағы жылы аяқ­талатын болса, онда жәрдемақы мөлшері мен оның мөлшерін айлық шектеу алдыңғы және ағымдағы жылғы айлық есептік көрсеткішті бөлек қолдану арқылы жүргізіледі және алынған сомалар қосылады. 3. Еңбек жарақатына немесе кәсіби науқас­тануына байланысты қызметкерлерге, Ұлы Отан соғы­сының жұмыс істейтін қатысушыларына, мүге­дектеріне және оларға теңестірілген адамдарға, сондай-ақ шетелде болған кезеңінде шетелдік валютада жәрдемақы алатын дипломатиялық қызмет персоналына төленетін жәрдемақылардың мөлшерлерін қоспағанда, бір айға төленетін жәрдемақының мөлшері тиісті жылғы айлық есептік көрсеткіштің он бес еселенген шамасынан аспауға тиіс. 4. Ұлы Отан соғысының жұмыс істейтін қатысу­шыларына, мүгедектеріне және оларға те­ңес­тірілген адамдарға берілетін жәрдемақының мөлшері жалақының жүз пайызын құрайды. 5. Қызметкердің еңбек жарақатына немесе кә­сіби науқастануына байланысты төленетін жәрдемақының мөлшері орташа жалақының жүз пайызын құрайды. 6. Дипломатиялық қызмет персоналына шетелде болған кезеңінде шетелдік валютада төленетін жәрдемақының мөлшері орташа жалақының жүз пайызын құрайды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1103 қаулысына 2-қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі 1) «Еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшерлерін айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы №1339 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., №50, 618-құжат). 2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы №1339 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіме­тінің 2008 жылғы 29 тамыздағы №793 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., №35, 389-құжат). 3) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы №1339 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 3 шілдедегі №1028 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., №32, 300-құжат). 4) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 1 маусымдағы №731 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толық­тырулардың 1-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., №55, №745-құжат). 5) «Әлеуметтік жәрдемақы тағайындау және төлеу, сондай-ақ оның мөлшерін айқындау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы №1339 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 2 шілдедегі №503 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., №37-38, 263-құжат).

Соңғы жаңалықтар