18:00, 24 Маусым 2010 | GMT +5
Еңбеккерлердің айлық жалақыларын төлемегендері үшін 1 мың лауазым иесі әкімшілік жауапқа тартылды
АСТАНА. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Прокуратура органдары айлық жалақыны уақытында төлемеу әрекеттеріне байланысты мәселелерді шешумен айналысуды жалғастыруда. Жыл басынан бері прокурорлар еңбекшілердің құқықтарын қорғау мақсатында 749 ұсыныс пен 307 ұйығарым енгізіп, 394 заң талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Ал қозғалған қылмыстық істердің саны 17.

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков айтты.
Оның мәліметтері бойынша, әкімшілік жауапқа 1 мыңнан астам лауазым иелері тартылған. Прокурорлық қадағалау актілерінің негізінде 100 мың адамның 5 миллиард теңгеге жуық қаржысы қайтарылған. «Алматы қаласында прокурорлардың ұйғарымымен «Мәдени саясат және өнертану институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен еңбеккерлерге 3 миллион теңгенің жалақысы төленді. Ал Батыс Қазақстан облысындағы «Орал жолдары» акционерлік қоғамы прокурорлар актісінің негізінде еңбеккерлерге берешек 6 миллион теңгені төледі», деді ресми өкіл.