Еңбекпен қамту бағдарламасы аясында экономикалық белсенді орталықтарға көшуге ниетті азаматтар үшін жағдай жасау қажет -Үкімет басшысы
АСТАНА. 3 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Еңбекпен қамту бағдарламасы аясында экономикалық әлеуеті төмен аудандардан экономикалық белсенді орталықтарға көшуге ниетті азаматтар үшін жағдай жасау қажет.
Бұл туралы бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті.
«Қазақстандағы халықтың ауқымды бөлігі шалғайдағы ауылдық жерлерде тұрады. Бұл аумақтарда экономикалық тұрғыдан қарағанда жаңа жұмыс орындарын құру негізсіз. Сонымен бірге негізгі индустриялық жобалар экономикалық белсенді орталықтардың маңында іске асырылуда. Бұл жерлерде жаңа жұмыс орындары құрылып, шағын бизнес үшін мүмкіндіктер ашылды»,-деп тоқталған Үкімет басшысы: «Елбасы Үкімет пен әкімдерге бірлесе өңірлерді дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Осы жұмыстар аясында өңірлік және республикалық экономикалық белсенді орталықтар және экономикалық әлеуеті төмен аудандар анықталады. Еңбекпен қамту бағдарламасы аясындағы біздің мақсат экономикалық әлеуеті төмен аудандардан экономикалық белсенді орталықтарға көшуге ниетті адамдар үшін жағдай жасауға негізделіп отыр»,-деді.
К. Мәсімов осыған ұқсас тәжірибе «Нұрлы көш» бағдарламасында қамтылғанын еске салып өтті.
«Экономикалық белсенді орталықтар маңында аумақты дамытудың бас жоспарына сәйкес еңбекпен қамту бағдарламасына қатысушылар үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қарастыру керек»,-деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министрдің пайымдауынша, осы үйлердің бағасы қымбат болмауы тиіс. Себебі, бұл өз кезегінде индустрияны дамытуды ынталандыра түспек.
Осы орайда Үкімет басшысы мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары ұсынылып, көші-қонды субсидиялау, арендалық төлемдегі жеңілдіктер, білім беру, жұмыспен қамту секілді шаралар ескерілуі тиіс екендігін жеткізді.