Еңбектің өтеуі: Qarmet қызметкерлері мемлекет тарапынан жоғары марапатқа ие болды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Республика күні қарсаңында Қарағанды облысының көмір өндіру саласында еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкер еңбегі еленіп, жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Бұл марапаттар олардың өнеркәсіпті дамытуға қосқан үлесі мен көпжылдық адал қызметінің жоғары бағаланғанын айғақтайды.

Еңбектің өтеуі: Qarmet қызметкерлері мемлекет тарапынан жоғары марапатқа ие болды
Фото: Ақорда

24 қазан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өндіріс саласында еңбек етіп жүрген үздік азаматтарға мемлекеттік наградалар табыс етті. Олардың арасында еліміздің көмір өнеркәсібін дамыту мен өндірістік әлеуетін арттыруға зор үлес қосқан Qarmet компаниясының қызметкерлері де бар.

Qarmet компаниясына қарасты «Шахтинская» шахтасының бақылау-өлшеу техникасы басқармасының учаске бастығы Сергей Чернобай «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. Оған ерекше белгі – Алтын жұлдыз және «Отан» ордені табысталды. Бұл – ел игілігі жолында адал еңбек етіп, Қазақстанның дамуына үлес қосқан азаматтарға берілетін ең жоғары марапат.

– Мен Qarmet компаниясының «Шахтинская» шахтасында еңбек етемін. Біздің кенші әулетіміздің жалпы еңбек өтілі 150 жылдан асады. Бүгін мен үшін ерекше күн – Мемлекет басшысының қолынан жоғары мемлекеттік марапат алдым. Бұл тек менің жеке жетістігім емес, бүкіл әулетіміздің еңбегінің бағалануы деп білемін. Шахтада менімен бірге жұбайым мен екі ұлым да жұмыс істейді. Өз атымнан, отбасымның және кеншілердің атынан мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мен құрметке алғыс айтамын, - деді Сергей Чернобай.

марапат
Фото: Ақорда

Дәл осы күні Қарағанды қаласында Республика күніне арналған салтанатты концерт өтті. Мәдениет сарайындағы іс-шарада облыс әкімі Ермаганбет Бөлекпаев Мемлекет басшысының атынан Qarmet қызметкерлеріне наградалар табыс етті. Аймақ басшысы өз сөзінде кеншілер мен металлургтер еліміздің индустриялық тірегі екенін бас айтты. 

«Құрмет» орденімен Серік Теміров марапатталды. Ол – «Саран» шахтасының №1 дайындау жұмыстары учаскесінде тау-кен комбайнының машинисі болып еңбек етеді. Серік өндірістегі жоғары кәсібилігі мен жауапкершілігі үшін және көмір өндіру саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін марапатталды.

– Шахтада мен 1989 жылдан бері жұмыс істеймін. Арнайы училищені «жерасты электрослесарі» мамандығы бойынша тәмамдадым. 2002 жылға дейін сол салада еңбек еттім, кейін комбайн машинисі болып ауыстым. Комбайнда кен массасын өңдеп, алдыңғы бағытты ашу жұмыстарына қатысамын. Отбасымда кенші мамандығын таңдаған жалғыз адаммын, бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Еңбегіңнің бағалануы – үлкен қуаныш. Мұндай қолдау жұмысшы мамандығының беделін арттыра түсетіні сөзсіз, - дейді Серік Теміров.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен Виктор Хвостов марапатталды. Ол – Qarmet компаниясының Көмір департаментіне қарасты «Саран» шахтасының тазалау кенжарындағы жұмысшысы. Виктор еңбектегі адалдығы, өндірістік міндеттерді мүлтіксіз орындауы және саланың дамуына қосқан үлесі үшін бағаланды. 

Сондай-ақ дәл осы медальға «Қазақстан» шахтасының №1 өндіріс учаскесінде кенші болып еңбек ететін Ерден Башкенов те ие болды. Ол көп жылдан бері шахтада жұмыс істеп, тәжірибелі әрі жауапкершілігі жоғары маман ретінде танылған. Ерден Башкенов тұрақты көмір өндіру көлемін қамтамасыз етуге айрықша үлес қосып келеді.

марапат
Фото: Ақорда

«Еңбек даңқы» III дәрежелі орденімен Юлия Барабанова марапатталды. Ол – «Восточная» байыту фабрикасының орталық басқару пультінің операторы. Юлия өз ісінің нағыз маманы ретінде дәлдігімен, ұқыптылығымен және тұрақты жұмыс нәтижелерімен ерекшеленеді. Оның кәсіби шеберлігі өндіріс процесінің үздіксіз жүруін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Республика күні қарсаңында табысталған бұл марапаттар – тек жеке жетістіктердің емес, тұтас кен өнеркәсібі ұжымының еңбегіне берілген баға. Әрбір марапаттың астарында қажырлы еңбек, табандылық пен мамандығына деген шынайы адалдық жатыр.

марапат
Фото: Ақорда

Qarmet компаниясының кеншілері мен инженер-техник қызметкерлерінің еңбегі – еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен өнеркәсіптік дамуының негізі. Олардың тәжірибесі мен еңбекқорлығы жас ұрпаққа үлгі болып, кенші әулеттері арқылы адал еңбек дәстүрі жалғасып келеді. 

Соңғы жаңалықтар