Енді eGov GPT арқылы мемлекеттік қызмет алуға болады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда eGov GPT арқылы 50 мемлекеттік қызметті қарапайым чат форматында алуға болады. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді.

eGov
Коллаж: Kazinform / ЖИ

— Жақында ғана eGov GPT-ті іске қостық. Қазірдің өзінде ол арқылы 50 мемлекеттік қызметті қарапайым чат арқылы алуға болады, яғни ChatGPT немесе басқа да агенттерді пайдалансаңыз, дәл сол сияқты жүйемен сөйлесіп, мемлекеттік қызметтерді ала аласыз, — деді Ростислав Коняшкин.

Оның айтуынша, жасанды интеллект байланыс орталықтарына да белсенді енгізіліп жатыр. Бұл азаматтардың өтініштерін өңдеу құнын және қызметкерлерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар министрлік азаматтар арасында ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Коняшкиннің айтуынша, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінген азаматтардың саны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 30% азайған.

— Біз азаматтарымыздың барлық өтінішінің 79-80 пайызын құрайтын ең сұранысқа ие 10 мемлекеттік қызмет бойынша белсенді жұмыс істедік, — деді бірінші вице-министр.

Жасанды интеллект азаматтарға көрсетілетін сервистерге ғана емес, мемлекеттік органдардың ішкі жұмысына да енгізіліп жатыр. Сонымен бірге Коняшкиннің айтуынша, мемлекеттік қызметшілер Қазақстаннан тыс жерде орналасқан серверлерде деректерді өңдейтін модельдерді пайдалана алмайды. Сондай-ақ мемлекеттік деректермен қауіпсіз жұмыс істеу үшін суперкомпьютер іске қосылды.

— Енді қызметтік хат-хабарлар мен құжаттарды қауіпсіз өңдей аламыз. Қазірдің өзінде жасанды интеллект хаттардың қысқаша мазмұнын жасауға, азаматтардың көптеген өтініштерін талдауға, сондай-ақ баяндамалар мен презентациялар әзірлеуге және аударма жасауға көмектесіп жатыр, — деді спикер.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, жасанды интеллект экономиканың түрлі салаларына да енгізіліп жатыр.

— Медицина саласын алсақ, қазірдің өзінде медициналық кескіндерді автоматты түрде талдау технологиясы қолданылып жатыр. Ол белгілі бір ауруларды әлдеқайда жылдам анықтауға көмектеседі. Сондай-ақ құрылыс құжаттамаларын талдау жүйелері енгізіліп жатыр. Бұл адам факторын азайтып қана қоймай, процестерді жеделдетуге мүмкіндік береді, — деді ол.

Сонымен қатар әр министрлікте тиісті саланың цифрлық трансформациясына жауапты тұлғалар тағайындалған. Министрліктің тағы бір басым бағыты азаматтарды жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларына жаппай оқыту.

— Жасанды интеллект құралдарымен өзара әрекеттесудің негізгі дағдыларын меңгеру балаларға, яғни келесі ұрпаққа берілуге тиіс міндет деп біз шынымен сенеміз және бұған толық көз жеткіздік, — деді Коняшкин.

Оның пікірінше, жасанды интеллект технологиялары адамды толығымен алмастыратын жағдайға алып келмейді. Керісінше, жаңа құралдарды тиімді пайдалануды үйренген мамандардың артықшылығы болады.

— Еңбек нарығы өзгереді, бірақ бұл жасанды интеллект біз үшін бәрін істейді деген бағытта емес, керісінше, жасанды интеллектпен жұмыс істеуді үйренген және оны тиімді пайдаланатын адамдардың өнімділігі артады деген бағытта өзгереді, — деп атап өтті ол.

Ол қазіргі жасанды интеллектті енгізу кезеңін қазақстандықтардың бүгінде күнделікті қолданып жүрген цифрлық құжаттарға көшу үдерісімен салыстырды.

— Біз бұл қызметті алғаш іске қосқан кезде де адамдар күмәнданды, қалай пайдалану керектігін ойлады. Сол себепті бұл қызметтерді банктік және мобильді қосымшаларға да шығардық. Өйткені азаматтарымыздың банк қосымшаларын күн сайын пайдаланатынын түсіндік, — деді Коняшкин.

Оның айтуынша, мемлекет бұдан әрі де азаматтарға цифрлық сервистерге қол жеткізудің барынша ыңғайлы жолдарын іздейді.

— Біз азаматтарымызға қалай оңай жолмен жетуге болатынын, жаңа мүмкіндіктерді оларға үйреншікті экожүйелер мен механизмдер арқылы қалай көрсетуге болатынын іздеп жатырмыз, — деп қорытындылады бірінші вице-министр.

Айта кетейік, ЖИ Қазақстанда мұнай ұңғымаларын бұрғылайтын ең тиімді нүктені анықтайды.