Енді Мемлекеттік Туды балконға да ілуге болады

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет 2026 жылғы 26 маусымдағы № 556 қаулысымен Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және олардың бейнелерін, сондай-ақ Мемлекеттік әнұран мәтінін пайдалану ережелеріне өзгерістер енгізді.

Балкондардағы жалаулар
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Жеке және заңды тұлғалар патриоттық сезімді білдіру мақсатында Мемлекеттік Туды үйлерге, өзге де ғимараттарға, 45 градус бұрышпен балкондарға және салтанатты іс-шаралар өтетін орындарға іле алады.

Сонымен қатар Мемлекеттік Ту ұлттық стандартқа толық сәйкес болуы тиіс. Туды зақымданған, өңі кеткен, кірлеген немесе қадір-қасиетін төмендететін өзге де ақаулары бар күйінде пайдалануға тыйым салынады.

Жаңартылған қаулыда Мемлекеттік Туды пайдалану кезінде сақталуы тиіс негізгі талаптар нақтыланған. Атап айтқанда:

  • тұрғын үйлерде Ту кемінде 3 метр биіктікте орналастырылуы тиіс;
    егер ғимараттың құрылымына байланысты Туды орналастыру мүмкін болмаса, оны ғимаратқа іргелес аумақтағы жеке ту тұғырына орнатуға болады;
  • Мемлекеттік Ту жерге, еденге, суға немесе өзге де заттардың бетіне тимеуі тиіс;
  • Ту тік ілінген кезде ұлттық өрнек Тудың жоғарғы бөлігінде орналасуы қажет;
  • мәдени, спорттық және қоғамдық іс-шараларда Мемлекеттік Туды коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салынады;

Туды жеке және заңды тұлғалардың көлік құралдарының салонында орналастыруға рұқсат етіледі.

— Мемлекеттік Ту жарнамалық мақсатта, сондай-ақ киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, перде, дастарқан, кілемше және өзге де жабын түрлері ретінде пайдаланылмайды, — делінген құжатта.

Спортшыларға да қатысты өзгерістер енгізілген. Енді Мемлекеттік Тудың бейнесін спортшылардың спорттық киімі мен жабдықтарында ресми түрде пайдалануға рұқсат берілді.

Сонымен қатар қаулыда мемлекеттік рәміздерді ресми интернет-ресурстарда, стендтер мен плакаттарда орналастыру тәртібіне қатысты бірыңғай реттілік сақталуы тиіс. Алдымен Мемлекеттік Ту, одан кейін Мемлекеттік Елтаңба, содан соң Мемлекеттік Гимннің мәтіні орналастырылады.

Сондай-ақ стендтерді безендіргенде фон көк түсті, ал жазулар алтын түстес болуы керек.

Премьер-министр қол қойған қаулы 13 шілдеде күшіне енеді.

Айта кетейік, бұған дейін, ведомстволық наградалардың бірыңғай стандарты жайлы жазған едік.