Енді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты тек конкурстық негізде жасалады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік конкурсы цифрлық форматқа көшті. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Инвестициялық саясат және қаржы секторын дамыту департаменті директорының орынбасары Әлішер Шаяхметов мәлім етті.

- Соңғы жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жоспарлаудың тиімділігі мен ашықтығын арттыратын бірқатар түзету қабылданды. Енді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарт жасасу тек конкурстық негізде жүргізіледі. Сол сияқты жоспарлау және конкурстық іріктеу рәсімдері цифрлық форматқа көшірілді. Мемлекеттік сатып алуды айналып өтуді болдырмау мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары үшін инвестициялық және пайдалану кезеңдерін іске асыру бойынша міндетті талаптар белгіленген, - деді Әлішер Шаяхметов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды.
- Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өткен жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік заңнамасына тәуелсіз талдау жүргізуге Азия даму банкінің халықаралық сарапшылары тартылды. Есеп қорытындыларымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңның халықаралық стандарттарға сәйкестігі расталды, - дейді ол.
Еске сала кетсек, 2022 жылы елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің бүкіл рәсімі онлайн форматқа ауыстырылатыны айтылған еді.
Былтыр елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын дайындау қорлары құрылатыны белгілі болды.