Енді үлескерлердің мәселесін шешуге бюджеттен қаражат көзделмейді – елорда әкімі
АСТАНА. KAZINFORM – Елорда әкімдігі құрылыс компаниялардың жауапкершілігін арттыру мақсатында үлескерлердің проблемасын шешуге бюджеттен қаржы бөлуді тоқтатады.

- Сіз авто орталықтан көлік сатып алып, ол сапасыз болса, мәселені әкімдік шешпейді ғой. Бұл да сондай мәселе. Бірақ, біз үлескерлердің жағдайын түсініп отырмыз, 16 мың отбасы проблемаға тап болды. Сондықтан Үкімет бейжай қарамай үлесін қосып отыр, бюджеттен көптеген қаржы жұмсалды, ол - қайтарылмайтын қаражат. Құрылыс компаниялары жоқ, олардың иелері соттың шешімімен отыр, ал үлескерлердің қосымша қаражат төлеуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан алдын ала айтып отырмын, келесі жылдан бастап «Елорда құрылыс» компаниясы таратылады, - деді елорда әкімі Жеңіс Қасымбек қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.
Шаһар басшысының айтуынша, аталған құрылыс компаниясы келесі жылы осы күнге дейін бітпеген жұмысты аяғына жеткізеді.
- Біз түсінеміз, осымен үлескерлердің проблемасы бітпейді, бәрібір біреу алданады. Құрылыс компаниялары да нарық талабына шыдамай тарап кетеді, одан бөлек алаяқтар да бар. Олармен жеке жұмыс істейтін боламыз, бірақ бюджеттен қаражат көзделмейді, - деп түсіндірді елорда әкімі.
Осылайша құрылыс компаниялардың жауапкершілігін арттырып, талапты күшейтпек.
Айта кетейік, Жеңіс Қасымбек келесі жылы «Елорда құрылыс» компаниясының таратылатынын мәлім еткен еді.