Енді жағдайы төмен азаматтар жергілікті органдардың есебінен сақтандырылады

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа жылдан бастап медициналық сақтандыруы жоқ азаматтардың 5 пайызы МӘМС жүйесі арқылы көмек ала алады. Бұл туралы «МӘМС аясындағы өзгерістер туралы» брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қалалық филиалы директорының орынбасары Абзал Зейдулла хабарлады.

МӘМС
Коллаж: Kazinform/Freepik

– 2026 жылдың басынан бастап әлеуметтік әл-ауқатының шұғыл деңгейіндегі D және E санаттарына жататын азаматтар үшін МӘМС жарналары олар медициналық көмекке жүгінген сәтте жергілікті атқарушы органдардың есебінен төленеді. Бұл дегеніміз – табысы төмен тағы 5 пайыз Қазақстан Республикасы азаматтары МӘМС жүйесі арқылы медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша тікелей жауапкершілігін ескере отырып, ресми тіркелген жұмыссыз азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлеу шығындары да жергілікті атқарушы органдардың міндетіне жүктеледі, – дейді Абзал Зейдулла.

Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша 263 мың адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Олардың ішінде шамамен 56 мың адам – әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыстық және шұғыл деңгейдегі азаматтар.

– Соңғы екі айда МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар саны 25 мың адамға артты. Бұл өсім халықтың жоғары көші-қонына, сондай-ақ МӘМС жарналары мен аударымдарының төленбеуіне байланысты болған. Сақтандырылмаған азаматтардың ішінде соңғы 12 ай бойы төлем жасамағандар саны 129 мың адам. Оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 9 мың, жалдамалы қызметкерлер – 97 мың, жеке кәсіпкерлер – 27 мың адам, – дейді спикер.

5 желтоқсан күнгі дерек бойынша Астана қаласында бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына 1,6 миллионнан астам адам тіркелген.

– Олардың ішінде 20 164 адам – сақтандырылмаған, бірақ созылмалы аурулар бойынша диспансерлік есепте тұрған азаматтар. Егер 2025 жылғы 18 қарашада диспансерлік есепте тұрған сақтандырылмаған азаматтар саны 25 700 адам болса, 2025 жылғы 5 желтоқсанда бұл көрсеткіш 20 мың адамға дейін төмендеді. Яғни 5 500 адамға немесе 21 пайызға азаю байқалады, – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қалалық филиалы директорының орынбасары.

Сақтандырылмаған азаматтардың құрылымы мынадай:

  • А санаты (әлеуметтік жағдайы жақсы) – 1 200 адам,
  • B санаты – 8 000 адам,
  • C санаты (қанағаттанарлықсыз деңгей) – 5 000 адам,
  • D санаты (дағдарыстық деңгей) – 4 000 адам,
  • E санаты (шұғыл деңгей) – 1 600 адам.

Айта кетейік, 2026 жылдан бастап барлық азамат онкоскринингтен тегін өте алады.

Соңғы жаңалықтар