«Енді жөн-жосықсыз тексере бермейді» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 19 ақпан, сәрсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Өмірде өзгермейтін ештеңе жоқ» деген көлемді сараптамалық мақала берілген. Әлемде ерекше бой көрсетіп отырған ұлттық валюталардың құнсыздануы қазіргі басты экономикалық тақырыптардың біріне айналуда. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, мұндай жағдайға қарқынды дамушы елдер тап болуда. Олардың арасында Үндістан, Бразилия, Ресей, Түркия секілді ірі елдер де бар. Бұл жағдай неден туындап отыр? Бүкіләлемдік банктің басқарушы директоры Шри Мульяни Индраватидің осы тақырыпта жазған мақаласына қарағанда, дамыған елдер басындағы дағдарыс бұлты біршама сейіліп, олардың экономикасы қалпына келе бастағанымен әлемнің дамушы және енді қалыптасушы экономикалары төтенше қиындықтарға тап болуда. Бұл экономикалар осының алдындағы бес жыл көлемінде өз дамуларында екпін танытып, басымдық көрсете бастаған болатын. Енді оларға қайта күшіне ене бастаған дамыған елдер экономикасы күшті бәсекелестік көрсете бастаған. Бірақ басты себептің өзі бұл емес көрінеді.
Бас басылымның жазуынша, Қазақстан Ұлттық банкі теңгенің айырбастау бағамымен алыпсатарлық әрекет жүргізгені үшін бірқатар ақша айырбастау пункттеріне айыппұл салып, лицензияларының қызметін тоқтатты және өз филиалының екі қызметкерін қызметінен босатты. Ұлттық банк алыпсатарлық әрекеттерді болдырмау мақсатында қаулы қабылдаған еді. Сол қаулы шарттарының сақталуы бойынша жоспарланбаған 391 тексеру жүргізіліп өтті. Қаулы шарттарын сақтамаудың анықталған фактілері бойынша Ұлттық банктің аймақтық филиалдарымен әкімшілік құқық бұзушылық бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабының 3-тармағына сәйкес 2,8 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл жайында « Алыпсатарлықтың жазасы » деген мақалада берілген.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко кәсіпкерлермен «негізсіз, жөн-жосықсыз тексере бермеуге» сөз байласты. Уәде жерде қалмауы үшін кеше ТЖМ мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшылары арасында меморандум рәсімделді. Өйткені өткен жұмада, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы өртке қарсы күрес құрылымдарының өз тексерістерімен кәсіпкерлерді ығыр еткендігін сынға алғаны мәлім. «Басқа айналысатын істерің жоқ па? - деп кейіген еді Президент. - Бар дәулет-мүлкінің, кәсіпорнының жанып кетпеуіне бизнесменнің өзі мүдделі ғой». Осы байламға тоқтаған төтенше жағдайлар ведомствосы бұрын-соңды болмаған шараға бел буды: шағын және орта бизнестің 65 пайызы ТЖМ-ның тексеріс аясынан толық босатылады! - Бұл ретте барлық тексерілетін нысандардың 65 пайызы «қауіптің төмен дәрежесі» санатына көшіріліп отыр, - деп түсіндірді министр В.Божко. - Бұл санаттағыларды біз биылғы жылы мүлдем тексермейміз. Яғни біз қазір шаштараздар және басқа да шағын кәсіпорындарға бармаймыз. Біздің және Бас прокуратураның сайтында қаупі төмен санатқа жататын барлық кәсіпорындардың тізімі бар. Бұл туралы «Енді жөн-жосықсыз тексере бермейді» деген мақаладан оқыңыз.
Осы басылымда «Келімбетов қауесетті жоққа шығарды» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде жоспардан тыс брифинг өткізген Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов еліміздегі бiрқатар банктердiң банкротқа ұшырауы туралы қауесетті жоққа шығарды. Екі-үш минутқа ғана созылған брифингте бас қаржыгер халықты тағы да сабырға шақырды. - Бүгiн SMS хабарламалар арқылы бiрқатар қазақстандық банктердің қаржылық жағдайы туралы жалған әрi күмәндi ақпараттың тарағаны белгiлi. Бұл аталмыш банктер салымшылары тарапынан шетел валютасына деген дүрлiкпе сұраныстың туындауына себеп болды. Осыған байланысты Ұлттық банк таралған мәлiметтiң жалған және негiзсiз, арандатушы ақпар екенiн, елiмiздiң банк жүйесiн тұрақсыздандыруға бағытталғанын мәлiмдейдi, - дедi Қайрат Келiмбетов.
***
«Жас қазақ» газетінің соңғы санында «Халық әртісі» атағын қайтарайық» деген тақырыппен актер, режиссер, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловпен арадағы сұхбат берілген. «Қазіргі берілетін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ керек, әрине. Бірақ бұл атақты бүгін бәрі алып жатыр: инженер де, агроном да, сауыншы да, кітапханашы да... Дегенмен әртістерге ғана берілетін «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» деген атақ жақсы естілетін-ді. Өнер адамдарына кәдімгідей қанат бітіретін. Мерейін үстем қылатын. Содан кейін халық алдына шығар әртістер деңгейін өсіріп, рөлдерін жақсы ойнауға тырысатын. Меніңше, сол атақты қайтарғанымыз жөн. Оның ешқандай да сөкеттігі жоқ», - дейді актер.