Энергетика мен коммуналдық секторды жаңғырту ісінде отандық өнімге басымдық беріледі - Нағаспаев
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздегі тозған су құбырлары, кәріз жүйесі т.б. инфрақұрылымды жаңғыртуда Қазақстанда жасалған материалдар пайдаланылады. Бұл жөнінде Үкімет отырысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.
Оның сөзінше, ұлттық жобаны іске асыру құрылыс материалдарына, жабдықтар мен қосалқы бөлшектерге айтарлықтай ішкі сұраныс қалыптастырып, отандық өнеркәсіпті дамытуға қосымша серпін береді.
Ұлттық жобаның негізгі міндеттерінің бірі – отандық өнімді дамыту.
Бүгінде отандық өндірушілер Ұлттық жобаның қажеттілігін кең ауқымда қамтамасыз етуге дайын.
– Алдағы екі жылда ұлттық жоба аясында құрылыс материалдары мен жабдықтарға болжамды қажеттілік 900 миллиард теңгеден асады. Оның ішінде электрмен жабдықтауға қажеттілік 342 миллиард, жылумен жабдықтауға 232 миллиард, сумен жабдықтауға шамамен 200 миллиард және су бұру жобаларына 177 миллиар теңгеден астам қаржы керек. Қазақстандық тауар өндірушілердің өндіріс қуаты осы қажеттіліктің басым бөлігін, әсіресе кабель-өткізгіш және құбыр өнімдер, темірбетон бұйымдары мен құбыр арматурасын қамтамасыз етуге қабілетті, – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Елімізде 1,9 мың шақырым су құбыры жаңартылатынын жазғанбыз.