Энергетика министрі Алматыдағы ЖЭО-3 жаңғырту қарқынын сынға алды
АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жұмыс сапары барысында Алматы энергетикалық тораптарын газға көшіру жөніндегі стратегиялық жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Министрлік басшысы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 құрылыс алаңдарын аралап шықты. Нысандарды аралау барысында Ерлан Ақкенженов мегаполис үшін жылу электр стансаларын газға көшірудің әлеуметтік маңызын атап өтті.
— Алматы қаласында экологиялық жағдай күрделі. Жылу электр стансаларын газға көшіру — Мемлекет басшысының тапсырмасы және халық алдындағы міндетіміз. Бұл мәселеде қателесуге жол жоқ, — деді Энергетика министрі мердігерлерге арнаған сөзінде.
ЖЭО-2 нысанын аралау барысында оң динамика байқалды. Мердігер ұйымның өкілдері 2 және 3 нөмірлі ыстық су қазандықтарының гидравликалық сынақтардан сәтті өткенін хабарлап, жұмыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді. Алайда ЖЭО-3 құрылыс алаңындағы жағдайды ведомство басшысы қатаң сынға алды.
Министр жобаның бекітілген кестеден кеш жүргізіліп жатқандығын алға тартып, бас мердігер ұйымның жұмысты жүйелі ұйымдастыра алмағанын атап өтті.
Құрылыс компанияларының басшылары мен өкілдеріне Ерлан Ақкенженов ресурстарды шұғыл жұмылдыруды талап етіп, мердігерлердің жеке жауапкершілігін нақтылады.
Аталған жобаның жүзеге асырылуы Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауына алынып, жауапты тұлғаларға апталық есеп беру міндеттелді.
Бұдан бұрын Олжас Бектенов энергия тапшылығы мәселесін шешу үшін жаңа қуаттарды генерациялау мәселелері бойынша жиын өткізгенін жазғанбыз. Жиын барысында Премьер энергетика жобаларын кейінге қалдыру тәжірибесін сынға алды.