Энергетика министрі Каспий құбыр консорциумының жұмысына пікір айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазір Каспий құбыр консорциумы (КҚК) штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлім етті.
— Каспий құбыр консорциумы штаттық режимде жұмысын жалғастырып келеді, яғни біздің мұнайды қабылдап жатыр. Атап айтқанда, шектеу жоқ, — деді Ерлан Ақкенженов Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Еске салсақ, былтыр қараша айында Ресейдің Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына экипажсыз қайықтармен жасалған шабуыл салдарынан ВПУ-2 жүк тиеу-қабылдау құрылғысы зақымданды.
Ал биыл ақпан айында АҚШ президентінің әкімшілігі Каспий құбыр консорциумының мұнай инфрақұрылымына жасалған соққылардан кейін Украинаға дипломатиялық ескерту жолдады.