Бізде көмір бойынша проблема жоқ – Энергетика министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрінің орынбасары Санжар Жәркешев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында жылыту маусымына қажет көмір қоры жеткілікті екенін айтты.
– Бізде көмір бойынша проблема жоқ. Жылыту кезеңіне жақсылап дайындалдық. Жалпы қазір 5,6 млн тонна көмір қоры бар. Республика бойынша тапшылық жоқ. Тек көмір ғана емес, мазут бойынша да осындай жағдай бар. Маусымды сәтті өткеруге қажетті 153 мың тоннаға жуық мазут жинақталды. Бұл 2024 жылдағы қормен салыстырғанда 33 пайызға көп. Жалпы жылыту кезеңін аман-есен өткізу үшін отын қорын көбейтіп жатырмыз, - деді ол.
Вице-министр көмір бағасы әр өңірде әр түрлі екенін айтады.
– Негізінен тоннасына 13-16 мың теңге болып тұр. Кейбір теміржол тұйықтарында басқа баға бар екенін естіп жатырмыз. Бұл дербес нарық болғандықтан оны біз реттемейміз. Сұраныс пен ұсынысты қарасақ, бағаның көтерілетінін көріп отырған жоқпыз. Максималды баға 20 мың теңгеге барғанын естіп жатырмыз. Бірақ бұл өте сирек кездеседі, - деді Санжар Жәркешев.
Астанада үйінде көмір жағатын тұрғындарға өтемақы төленетінін жазған едік.