Мұнай-газ секторында қазақстандық қамтуды дамыту: министрлік жаңа тетіктер енгізбек
АСТАНА. KAZINFORM — Елішілік құндылықты дамыту және отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Энергетика министрлігі ірі мұнай-газ жобаларының операторларымен бірлесіп реттелетін сатып алуларда жергілікті қамту үлесін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлім етті.

— Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі — Теңіз жобасы аясында бес жыл мерзімге бекітілген Қазақстандық қамтуды дамыту бағдарламасы. Бағдарламада тауарлар, жұмыстар мен қызметтердегі жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша нақты мақсатты индикаторлар белгіленген, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, құжатта сатып алу үдерістерін жетілдіруге арналған құралдар мен тетіктер, отандық өндірушілерді қолдау және ынталандыру шаралары көрсетілген. Атап айтқанда, ұзақ мерзімді келісімшарттар мен оффтейк-келісімдер жасау, инвестицияға айырбасталатын келісімдер енгізу, сондай-ақ тауар өндірісін Қазақстан аумағында локализациялау бойынша нақты шаралар қарастырылған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстаннан Өзбекстанға бензин экспортталмайтынын жазған едік.