Энергетика министрлігі сатып алу ережелерін қатаңдатты: енді 80% қазақстандық үлес талап етіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрлігі «Жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың мердігерлерінің көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларына» өзгерістер енгізді.

Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, жаңа түзетулер мыналарды қамтиды:
Отандық нарықты қолдау: жобалық жұмыстарды орындау кезінде елішілік құндылықтың ең төмен көрсеткіші 80% деңгейінде белгіленді.
Бейрезидент мердігерлердің міндеттемелері: Қазақстан аумағынан тыс жобаларға жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету үшін міндетті түрде қазақстандық резиденттерді тарту көзделді.
Уран өндіруге қатысты өзгеріс: уран өндірісіне қатысты ережелер Қағидалардан алынып тасталды. Бұл саладағы талаптар мен бақылауды Атом энергиясы жөніндегі агенттік жүзеге асырады.
Салық кодексіне сәйкестік: 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіне орай, рентабельдігі төмен кен орындары бойынша бір келісімшарт аясында жұмыстар мен қызметтерді бір лотпен сатып алу мүмкіндігі қарастырылды.
Қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау: 2025 жылғы 19 мамырда қабылданған заңға сәйкес, қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алуды және конкурс өткізу кезінде тек отандық өндірушілердің қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған өзгерістер енгізілді.
Энергетика министрлігі бұл түзетулердің басты мақсаты – отандық өндірісті қолдау, жергілікті кадрлар мен кәсіпорындарды тарту, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге сәйкес сатып алу рәсімдерін жетілдіру екенін атап өтті.
Айта кетейік, мемлекеттік сатып алу туралы бірқатар бұйрыққа өзгеріс енгізілді.