Энергетика министрлігі жанармайдың нақтыланған бағасын бекітті

АСТАНА. KAZINFORM – 17 мамырдан бастап шетелдік автокөліктерге арналған бензин мен дизель отыны бекітілген бағамен саудаланады.

азс
Фото: Pexels

Ішкі нарықтағы жанармай теңгерімін сақтау, сондай-ақ мұнай өнімдерінің ағыны мен «сұр» экспортының тәуекелдерін барынша азайту мақсатында ҚР Энергетика министрінің шетелдік көліктерге арналған АИ-92, АИ-93 бензині және дизель отындарының жаңартылған бағалары бойынша бұйрығы жарияланды. 

«АИ-92 және АИ-93 бензині — литріне 245 теңге;

Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде тәулігіне 100 литрге дейінгі мөлшерде — литріне 205 теңге;

Қазақстан Республикасында берілген мотоциклдерге, жеңіл автомобильдерге, жүк көліктеріне, арнайы, мамандандырылған жеңіл автомобильдерге және автобустарға жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеу куәлігін көрсеткен кезде — тәулігіне 300 литрге дейінгі көлемде — литріне 205 теңге;

Дизельдік отын (жазғы, маусымаралық) — литріне 315 теңге;

Қазақстан Республикасында тіркелген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде тәулігіне 100 литрге дейінгі мөлшерде — литріне 295 теңге;

Қазақстан Республикасында берілетін жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеу куәлігін көрсеткен кезде жүк көліктеріне, арнайы, мамандандырылған жеңіл автомобильдерге және автобустарға тәулігіне 300 литрге дейінгі көлемде — литріне 295 теңге», — делінген құжатта.

Осылайша, Қазақстан Республикасының куәлігі мен көлік құралын тіркеу туралы куәлігі бар азаматтар үшін жанар-жағармай бағасы өзгеріссіз қалады.

Айта кетейік, қазіргі уақытта жанар-жағармай қорын өндіру, жөнелту және толықтыру үздіксіз жүргізілуде, бұл ретте мұнай өнімдерінің қомақты қорының болуына байланысты ішкі нарықтағы жағдай тұрақты.

Соңғы жаңалықтар