Энергия өндіруші ұйымдар ҚазТрансГаз-Аймаққа 17 млрд теңге қарыз - министр
АСТАНА. KAZINFORM — Энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің едәуір сомасы қалыптасты. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлім етті.

- Энергия көздерінің отын қоймаларында 4,4 млн тонна көмір бар, бұл былтырғы деңгейінен 9%-ға артық. 131,9 мың тонна мазут жинақталған, осы көрсеткіш өткен жылдың деңгейінен 32 пайызға жоғары. Сонымен қатар «Севказэнерго» АҚ ЖЭО-2-де көмір қоры нормативтік деңгейінен төмен. Министрлік қыркүйек айынан бастап 257 мың тонна көлемінде «әлеуметтік» мазутты жеткізу кестесін бекітті. Шарттар жасасуды және отынның тиісті қорын қамтамасыз етуді жеделдету қажет, - деді Е. Ақкенженов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің едәуір көлемі маңызды проблема саналады. Энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы берешегі 17 млрд теңгеге жуық.
- Сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың «Богатырь-Көмір» ЖШС алдында 94 млн теңге сомасында берешегі бар, - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкіметте жылу беру маусымына дайындығы төмен өңірлер аталды.