ЕО 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді шектеу туралы резолюция қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропарламент 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу жөнінде резолюцияны бекітті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

әлеуметтік желі
Фото: Анадолы

Страсбург қаласында өткен көшпелі отырыс барысында Еуропалық парламент әлеуметтік желілерде тіркелудің ең төменгі жасын 16 жас деңгейінде белгілеуді ұсынған резолюция қабылдады.

Еуропарламент баяндамасында жастардың 97%-ы күн сайын интернет қолданатыны және 13–17 жас аралығындағы жасөспірімдердің 78%-ы құрылғыларын кем дегенде бір сағат сайын тексеретіні айтылған.

Сонымен қатар кәмелетке толмаған әрбір төртінші бала смартфонды «проблемалы» немесе «дисфункционалды» түрде пайдаланады, яғни тәуелділікке жақын мінез-құлық көрсетеді.

Осыған байланысты еуродепутаттар интернеттегі кәмелетке толмағандардың физикалық және психикалық денсаулығына төнетін қауіптерге алаңдаушылық білдіреді, өйткені олардың 25%-ы смартфонды шектен тыс қолданады.

Олар ЕО-ның цифрлық ережелерін қатаң сақтауды, заңға бағынбаған платформаларға айыппұлдар мен тыйымдар енгізуді талап етеді.

Еуропарламент депутаттары кәмелетке толмағандарды интернет кеңістігінде қорғаудың батыл шараларын қабылдауға шақырады. Бұл шаралар интернетті пайдалануға рұқсат етілетін жасты 16 жасқа көтеруді және балаларға ең зиянды, тәуелділік тудыратын онлайн-функцияларды (мысалы, шексіз жылжыту немесе автоматты ойнату) бұғаттауды көздейді.

Сәрсенбі күні Еуропарламент депутаттары бұл заңдық күші жоқ баяндаманы дауысқа салды: 483 депутат қолдады, 92-сі қарсы болды, ал 86 депутат қалыс қалды.

Депутаттар Еурокомиссия әзірлеп жатқан жас тексеру қосымшасы мен еуропалық цифрлық жеке куәлік (eID) жүйесін қолдайтынын айтты. Олар жасты растау жүйелері нақты жұмыс істеп, балалардың жеке мәліметтерін қорғай алуы керек екенін атап өтті.

Сондай-ақ олар бұл жүйелер платформаларды өз қызметтерінің қауіпсіздігі мен жас ерекшелігіне сай болуын қамтамасыз ету міндетінен босатпайтынын айтты.

Сонымен бірге депутаттар ЕО-ның Цифрлық қызметтер туралы заңын (DSA) және басқа да нормаларды бұзған жағдайда, әсіресе балаларды қорғау мен жасты тексеру мәселелерінде, компанияның аға басшыларын жеке жауапкершілікке тартуды ұсынады.

Сондай-ақ Еуропарламент мынандай үндеу жасады:

  • Ең зиянды, тәуелділік тудыратын онлайн функцияларға тыйым салу және балалар үшін басқа да тәуелділікке әкелетін мүмкіндіктерді — шексіз жылжытуды, автоматты ойнатуды, жаңарту үшін басуды, сыйақы беру циклдерін және зиянды геймификацияны — әдепкі түрде өшіріп қою;

  • ЕО ережелеріне сәйкес келмейтін сайттарға тыйым салу;

  • Мақсатты жарнама, инфлюенсерлік маркетинг, тәуелділік тудыратын дизайн және қолданушыны шатастыратын интерфейстер сияқты сендіру технологияларына қарсы шаралар қабылдау (алдағы Цифрлық әділдік туралы заңға сәйкес);

  • Балаларға арналған контентті олардың назарын қаншалықты тартатынына қарап ұсынатын алгоритмдерге тыйым салу;

  • онлайн-видео платформаларға DSA ережелерін қолдану және лутбокстар мен басқа да кездейсоқ ойын элементтеріне (ойын ішіндегі валюталар, бақыт дөңгелегі, прогресті сатып алу) тыйым салу;

  • кәмелетке толмағандарды коммерциялық пайдалануынан қорғау, соның ішінде платформаларға кидфлуэнсингке (балалардың инфлюенсер ретінде шығуы) қаржы сыйақыларын ұсынуға тыйым салу;

  • Генеративті жасанды интеллект құралдарын пайдалану кезінде туындайтын этикалық және құқықтық мәселелерді, соның ішінде дипфейктерді, сөйлесу чат-боттарын, ЖИ-агенттерін және жалаңаш контент жасайтын ЖИ-қосымшаларды жылдам реттеу.

Баяндамашы Кристель Шалдемозе (S&D фракциясы, Дания) пікірталас барысында цифрлық қызметтер туралы заңды қатаң қолдану арқылы бұл шаралар балаларды қорғауды едәуір күшейтетінін алға тартты.

— Мен осы парламентпен мақтанамын — біз интернеттегі балаларды бірге қорғай аламыз. Цифрлық қызметтер туралы заңды қатаң қолдану арқылы бұл шаралар балаларды қорғауды едәуір күшейтеді. Біз ақыры шек қойып, платформаларға анық айтамыз: сіздердің қызметтеріңіз балаларға арналмаған. Бұл эксперимент осымен аяқталды, — деді Шалдемозе.

Айта кетейік, бұл резолюция тек ұсыныс ретінде қабылданған – оны орындау міндетті емес және ол тікелей заң бола алмайды. Дегенмен болашақта ЕО-да осы мәселеге қатысты нақты заң қабылдануы мүмкін.

Бұдан бұрын Малайзия 16 жасқа толмаған жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге кіруіне шектеу енгізетіні хабарланды.

Соңғы жаңалықтар