ЕО Армения экспортының 80%-ын кедендік баждан босатты

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық одақ Армениядан экспортталатын тауарлардың 80%-ына өз нарығына баж салығынсыз шығуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Еуропалық комиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйен Ереванда Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинянмен кездесуден кейін мәлімдеді. Кездесуге Еуропалық одақтың кеңею мәселелері жөніндегі комиссары Марта Кос та қатысты.

ЕО Армения экспортының 80%-ын кедендік баждан босатты
Фото: primeminister.am

Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, Арменияда жуырда өткен парламент сайлауы елдегі демократияның беріктігін көрсетті.

— Армения халқы реформалар мен Еуропалық одақпен тығыз әріптестікті таңдады. Ешбір мемлекет өз егемен таңдауына байланысты қысымға ұшырамауы тиіс. Сондықтан Еуропалық одақ Арменияға 52 миллион еуро көлемінде қолдау көрсетіп, армян экспортының 80%-ын ЕО нарығына кедендік бажсыз шығаруға мүмкіндік береді. Армения біздің қолдауымызға сене алады, — деді Еурокомиссия басшысы.

Жаңа сауда жеңілдіктері аясында Армениядан экспортталатын жаңа піскен жемістердің 99%-ы және сусындар мен алкоголь өнімдерінің 91%-дан астамы Еуропалық одақ нарығына кедендік бажсыз жеткізіледі.

ЕО Арменияға қаржылай қолдауын ұлғайтады

Еуропалық одақтың Арменияға 52 миллион еуро бөлу туралы шешімі маусым айының басында жарияланған болатын. Осыдан кейін екі апта ішінде Ереванға 34 миллион еуро аударылды. Қалған 18 миллион еуро жақын уақытта бөлінеді деп күтілуде. Осылайша, ЕО-ның Арменияға көрсететін жалпы қаржылық көмегі 288 миллион еуроға жетеді.

Еурокомиссияның бағалауынша, Армения Оңтүстік Кавказдағы тұрақтылық пен демократиялық орнықтылықтың тірегіне айналған.

Сондай-ақ Еуропалық одақ Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбітшілік жолындағы тарихи ілгерілеуді және Армения мен Түркия арасындағы қатынастардың қалыпқа келу үдерісін құптайтынын мәлімдеді.

ЕО алдағы уақытта көлік, энергетика және цифрлық коммуникациялар салаларындағы жобаларды қолдауды жалғастырады. Бұл бастамалар өңірдегі ұзақ мерзімді бейбітшіліктің экономикалық әлеуетін іске асыруға және халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Еурокомиссияның мәліметінше, бұл жұмыстар жақында іске қосылған өңіраралық «Байланыс платформасы» және Оңтүстік Кавказдағы коммуникациялық жобаларды дамытуға арналған 200 миллион еуролық «Бейбітшілік үшін байланыс» бағдарламасы аясында жүзеге асады. Аталған бастама мемлекеттік және жеке сектордан жалпы көлемі 2 миллиард еуроға дейін инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Урсула фон дер Ляйен ЕО бюджеті есебінен «Бейбітшілік дивидендтері» бағдарламасы шеңберінде Армения мен Әзербайжандағы жергілікті қауымдастықтарды дамытуға қосымша 20 миллион еуро бөлінетінін хабарлады.

Бұл қаражат денсаулық сақтау, миналардан тазарту, кәсіби білім беру және жергілікті кәсіпкерлікті қолдау жобаларына жұмсалады.

Бұған дейін Армения мен Еуропалық одақ алдағы екі жыл ішінде визасыз режим енгізу мүмкіндігін қарастырып жатқаны хабарланған болатын.