ЕО бес елінің қорғаныс министрлері Украинаны қолдау мәселесін талқылау үшін Парижде бас қосты

АСТАНА. KAZINFORM – Сәрсенбі күні Парижде Франция, Германия, Ұлыбритания, Италия және Польша қорғаныс ведомстволарының басшылары кездесті.

 ЕО бес елінің қорғаныс министрлері
Фото: X/@JohnHealey_MP

Қатысушылар АҚШ пен Ресейдің жақындасуына жауап ретінде Украинаның жаңа қауіпсіздік құрылымын талқылау үшін бас қосты.

Францияның Қорғаныс министрі Себастьен Лекорню Вашингтон мен Киевтің Сауд Арабиясында қол жеткізген дипломатиялық ілгерілеуін құптап, ендігі жауапты Ресей беруі керектігін жеткізді.

Париждегі кездесу НАТО елдерінің, сондай-ақ Жапония мен Аустралияның 34 әскери жетекшісінің Франция астанасында АҚШ-тың ресми тұлғаларының қатысуынсыз жүргізілген келіссөздерден кейін бір күннен соң өтті.

Франция мен Ұлыбритания Украинаға қолдау көрсетудің алдыңғы қатарында болды, өйткені АҚШ Киевке қатысты ұстанымын өзгертіп жатқан сияқты.

Нақты ұсыныстар әзірлеуге мүдделі барлық қорғаныс министрлерінің АҚШ-тың қатысуынсыз өтетін тағы бір кездесуі екі аптадан кейін жоспарланып отыр.

ЕО қорғаныс министрлері сондай-ақ Украинаға көмектесуді жалғастыратынын баса айтты. Ұлыбритания 2025 жылға дейін 4,5 млрд фунт стерлинг (5,3 млрд еуро) көлемінде көмек көрсетуге уәде берді. Польша, Франция және басқа да елдер қосымша әскери техника беруге ниетті.

Сондай-ақ министрлер қорғаныс бюджеттерін ұлғайту және бүкіл құрлықта қару-жарақ өндіру әлеуетін арттыру арқылы «еуропалық күшті әлеуетті қамтамасыз ету қажеттігін» атап өткен бірлескен мәлімдеме жасады.

Алайда еуропалық қорғаныстың біртұтас стратегиясына жету жолындағы кедергілер әлі де бар. Әрбір ұлттық армия өз қаруын пайдаланады, бұл жедел үйлесімділік пен оқыту бойынша бірлескен күш-жігерді шектейді.

Германияның Қорғаныс министрі Борис Писториус қорғаныстық сатып алуларға үйлестірілген тәсіл қажет екенін атап өтіп, кұрлық «қажетсіз бюрократияға уақытты ысырап ете алмайды» деп ескертті.

Бұған дейін НАТО-ның Бас хатшысы Марк Рютте 2025 жылдың 12-14 наурызында Вашингтонға баратынын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар