Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ЕО-да сатылатын барлық жаңа көлік жүргізушінің назарын бақылайтын жүйемен жабдықталады

АСТАНА. KAZINFORM — Шілде айынан бастап Еуропалық одақ елдерінде сатылатын барлық жаңа жеңіл автокөлік жүргізушінің жолға қаншалықты назар аударып отырғанын бақылайтын арнайы жүйемен міндетті түрде жабдықталады.

ЕО-да сатылатын барлық жаңа көлік жүргізушінің назарын бақылайтын жүйемен жабдықталады
Фото: Freepik

Жүргізушінің назарын бақылауға арналған Advanced Driver Distraction Warning (ADDW) жүйесі рөлдің маңына немесе алдыңғы панельге орнатылған инфрақызыл камера арқылы жүргізушінің қайда қарап отырғанын бақылайды.

Егер жүргізуші жоғары жылдамдықпен келе жатқанда жолдан көзін 3,5 секундтан артық, ал төмен жылдамдықпен қозғалғанда 6 секундтан артық уақытқа басқа жаққа аударса, жүйе дыбыстық, жарық немесе діріл арқылы ескерту береді. Бұл функция көлік жылдамдығы 20 км/сағаттан асқан кезде автоматты түрде іске қосылады және оны толық өшіру мүмкін емес.

Бұл талап — Еуропалық одақтың жол-көлік оқиғаларын азайту үшін жасалған кең ауқымды шараларының бірі. Еуроодақтың мәліметінше, жүргізушінің назарын басқа жаққа аударуы барлық жол-көлік оқиғаларының 5-25 пайызына себеп болады. Жаңа талаптардың арқасында 2038 жылға дейін 25 мыңнан астам адамның өмірін сақтап қалуға болады деп күтіліп отыр.

Сонымен қатар жаңа жүйе жеке деректердің қорғалуына қатысты пікірталас туғызды.

Қолданыстағы талаптарға сәйкес, ADDW жүйесі «жабық цикл» қағидаты бойынша жұмыс істеуге тиіс. Жүргізушінің бет-бейнесі мен назарының бағыты туралы мәліметтер тек көліктің ішінде өңделеді және автокөлік өндірушілеріне немесе үшінші тараптарға берілмейді. Сондай-ақ биометриялық деректерді жүргізушінің жеке басын анықтау үшін пайдалануға тыйым салынған.

Алайда All About Cookies порталының мәліметінше, қолданыстағы заңнамада автокөлік өндірушілерінің осы талаптарды сақтап отырғанын тәуелсіз түрде тексеру міндеті қарастырылмаған. Бұған қоса жиналған деректердің қанша уақыт сақталатыны және жүйе қандай ақпаратты сақтай алатыны да нақты көрсетілмеген.

Алғашқы сынамаларында мамандар жүйенің кейде қате ескерту беруі мүмкін екенін де байқаған. Мысалы жүргізуші экранға немесе жол жиегіндегі нысанға қысқа уақытқа көз салғанның өзінде жүйе ескерту жасауы ықтимал. Жүргізуші дабылды уақытша өшіре алғанымен, қозғалтқыш қайта іске қосылғанда немесе жүргізушінің назарын анықтамаса, ескерту автоматты түрде қайта қосылады.

Жеке деректерді қорғау саласының сарапшылары мұндай жүйелерге бақылау жүргізудің қиын екенін айтып отыр. Бұған дейін кейбір ірі автокөлік өндірушілерінің жүргізушілердің көлік жүргізу дағдылары туралы мәліметтерді деректерді жинап, сатумен айналысатын компанияларға бергенін көрсеткен. Сондай-ақ кейбір жағдайда компания қызметкерлері автокөліктердің камераларына түсірілген бейнежазбаларды заңсыз қарағаны анықталған.

Еске салайық, бұған дейін Еуропарламент әуе жолаушыларының құқықтарын кеңейтетін жаңа ережелерді мақұлдаған болатын.

Құжатқа сәйкес, баламен бірге сапарлайтын жолаушылар мен жүріп-тұруы шектеулі адамдарды алып жүретін азаматтар ұшақтағы қатар орналасқан орындарды қосымша ақысыз таңдай алады.

Мақаланың түпнұсқасын осы жерден оқи аласыз.